Атырауда балаларды тірідей өртеп жіберген күдікті өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды

Атырауда тұрғынжайға заңсыз басып кiріп, бөтеннің мүлкiн қасақана бүлдіріп (өрт қою тәсілімен), ірі көлемде залал келтіріп, аса қатігездікпен үш адамды қасақана өлтіріп (оның ішінде екі жас бала), адамды өлтіруге оқталғаны үшін айыпталғанға атысты қылмыстық іс қаралды.

Іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Ведомство мәліметінше, Сотталушы жәбірленушімен кездесіп жүріп, кейін араларында туындаған келіспеушілік салдарынан жәбірленуші қарым-қатынасты тоқтатуды шешкен. Алайда сотталушы жәбірленушінің мазасын алып, оның пәтеріне екінші қабаттағы терезе арқылы кіріп, егер ол кездесуін жалғастырмаса бензин шашып өртейтінін айтып қорқытқан.

"Осылайша, сотталушы жәбірленушінің пәтеріне жатын бөлмесінің терезесі арқылы кіріп, оған пышақ тақап, өлтіремін деп қорқытқан. Өз өмірі үшін қауіптенген жәбірленуші сотталушыға балаларының (бірінші некеден) ұйықтап жатқанын, өзінің донер жегісі келіп тұрғанын айтып, алдап, сотталушыны пәтерден шығарып жіберіп, танысын көмекке шақырған. Ол сотталушыға қыз баланы мазаламауын айтқан. Жәбірленуші сотталушының қайтып келетінін біліп, танысына өзінің және балаларының қасында қалуын сұраған".Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Сотталушы жәбірленушінің танысымен бірге пәтерге кіріп кеткендерін көріп, ашуланып, қызғаныштан 5 литрлік бензин бөтелкесін сатып алып, оттық пен қағаз алып, қайтадан пәтерге терезе арқылы кірген.

Сотталушы пәтерде жәбірленушінің балалары мен танысының ұйықтап жатырғанын біле тұра, бензин шашып, екі жасөспірім бала ұйықтап жатырған үйді өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Жәбірленуші жалын өрттің және өзінің қатты күйік алуы салдарынан балаларына жете алмай, оларды құтқара алмай, танысы терезе әйнегін сындырып, жәбірленуші екеуі далаға секірген.

"Нәтижесінде жәбірленушінің 10 жасар ұл баласы және 7 жасар қыз баласы пәтерде қаза болып, жәбірленушінің өзі күйік салдарынан (денесінің 90%-ы) ауруханада қайтыс болған, оның танысы тірі қалған",- делінген ақпаратта.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен дәлелін тапты. Сараптамаға сәйкес, сотталушы аффект жағдайында болмаған, психикалық дені сау.

Прокурор және жәбірленушілер сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамай, өзінің аффект жағдайында болғанын айтып көрсетіп, өзін ақтауды сұрады. Қорғау тарапы сотталушыны ақтауды сұрады.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталмады. Сотталушы ҚК-тің 149-бабының 2-бөлігімен, 202-бабының 2-бөлігінің 1,5-тармақтарымен, 99-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен, 24-бабының 3-бөлігі — 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен кінәлі деп танылды.Ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Жәбірленушілердің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Атырау Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: