Бектенов Алматы қаласының активіне жаңа әкімді таныстырды

Сурет: primeminister.kz
Олжас Бектенов Алматы қаласының активіне жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысты.

Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Алматы қаласының әкімі лауазымына екі кандидатты – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановты ұсыну туралы хаты оқылды.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 32 депутаттың 23-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасына дауыс берді. Бейбіт Шахановтың кандидатурасын 9 депутат жақтады. ҚР Президентінің тиісті Жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.

Қала активімен кездесуде Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ерболат Досаевқа қаланың қаржы-экономикалық әлеуетін дамыту жөніндегі белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді. 2024 жылы қаланың Қазақстанның ЖІӨ-ге қосқан үлесі 21,8%-ға дейін өсті. Мегаполисте Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетті орталықсыздандыру, абаттандыру, жаңа әлеуметтік нысандар салу және т. б. жұмыстар жүргізілуде.

Олжас Бектенов Алматы қаласының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыны таныстырды.

Премьер-министр Мемлекет басшысының Алматы әкімдігінің алдына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және экономика құрылымын әртараптандыру, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, жол-көлік жүйесі, экология, өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT-сектор, креативті индустрия саласында тапсырмалар берілді.


Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанның жаңа саяси жүйесі: Президент конституциялық заңдар топтамасына қол қойды

Еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындары

Дрондар мен авиация тартылып Қазақстан бойынша ауқымды операция басталды

Қазақстанда орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережелері өзгерді

Мемлекет басшысы әкімшілік әділет рөлін атап өтті