Аталған келісімге 2024 жылғы 12 желтоқсанда Астанада қол қойылған.
"Келісімнің мақсаты – ауыл халқын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ете отырып, орнықты цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл инклюзивті экономикалық өсімге негіз болады", – делінген қорытындыда.
Келісімнің негізгі міндеттері:
- қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту үшін ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету;
- өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасау, оның ішінде шағын және орта бизнесті, электрондық сервистер мен қашықтан көрсетілетін қызметтерді қолдау, сондай-ақ инвестиция тарту;
- мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орнықты моделін енгізу арқылы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.
Сондай-ақ, бұл келісім технологиялық дамуға елеулі серпін беріп, өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық үдерістерді жандандыруға және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететіні айтылған.
"Келісімді ратификациялау ауылдық елді мекендерде цифрлық инфрақұрылымды дамыту жобасын қаржыландыру мен іске асыруға құқықтық негіз жасайды. Келісімнің әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағымсыз салдары болмайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді", – делінген құжатта.
Сондай-ақ, бүгін, 26 маусымда Қазақстан Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды кеңейту туралы шартты ратификациялады.