Ең алдымен, ол жаңа Салық кодексі туралы пікір білдірді:
"Әлбетте, жаңа Салық кодексіндей кеңінен талқыланған заң бұрын-соңды болмаған шығар. Жұмыс тобына әртүрлі салалардан 300-ге жуық маман мен сарапшы қатысты. Заң шығарушылардың міндеті – қолданыстағы салық жүйесін түбегейлі өзгерту, оны жеңілдету және ережелердің түсініктілігін қамтамасыз ету болды. Нәтижесінде Парламент барлық ең өзекті мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келді", – деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, депутаттар бизнестің салықтық жүктемесін айтарлықтай арттырмай, салық саясатын ел экономикасының тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқатына бағыттай алды.
"Әділеттілік идеясы – корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесінде және жеке табыс салығының прогрессивті межесінен көрініс тапты", – деп жалғастырды Мәжіліс төрағасы.
Яғни, енді кім көп табыс тапса – сол көбірек салық төлейді.
"Ал табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Бұл бастаманы депутаттар бірнеше жылдан бері ұсынып келген", – деді Қошанов.
Әлеуметтік маңызды бастамалардың бірі – дәрілік заттар мен медициналық қызметтерді ҚҚС-тан босату болды.
Сондай-ақ, кітап оқуды насихаттау мақсатында отандық кітап баспалары мен баспа өнімдерін қолдау шаралары қарастырылған.
"Жалпы, қабылданған Салық кодексі – мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы әділ қатынастардың жаңа кезеңінің бастауы. Үкіметпен бірлесіп біз сапалы, ашық, әділ әрі түсінікті Салық кодексін қабылдай алдық", – деп түйіндеді Ерлан Қошанов.
Одан кейін ол қабылданған Бюджет кодексіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрақты экономикалық даму жолына шығу үшін маңызды құралға айналды.
"Дебюрократизация саясатына сай, бюджет рәсімдерінің мерзімі екі есе қысқартылды. Жаңа нормалар Ұлттық қор қаржысының тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойды. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірлердің бюджеттік дербестігі артты. Салық түсімдерінің бір бөлігін жергілікті бюджеттерге беру жалғасуда. Қазірдің өзінде жергілікті бюджеттердің өзіндік кірістері артып келеді", – деді Мәжіліс төрағасы.
Сонымен қатар, Үкімет пен бюджет процесіне қатысушылардың Парламент алдындағы есептілігі күшейтілді.
"Мұндай ашықтық пен есеп беру азаматтардың мемлекеттік қаржыға деген сенімін арттыруға бағытталған", – деп атап өтті Қошанов.
Үшінші – Су кодексі.
"Мемлекет басшысы су ресурстарын қамтамасыз ету мәселесі ушығып бара жатқанын және бұл жаһандық проблемаға айналып отырғанын бірнеше рет айтқан болатын. Осыған байланысты еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар құжат – Су кодексі қабылданды. One Water Summit халықаралық форумында Президент суға шығатын теңізі жоқ, аумағы үлкен мемлекет ретінде Қазақстан судың шынайы құндылығын толық сезінетінін атап өтті. Сондықтан жаңа Кодексте су ресурстарын қорғауға және дамытуға, оларды ұқыпты әрі жауапты пайдалануға басымдық берілді", – деді Мәжіліс төрағасы.
Сондай-ақ, еліміздің тәжірибесіне суды қайта пайдалану технологиясы енгізілді және су шығынын азайту шаралары көзделді.
"Жалпы, Су кодексіндегі жаңа нормалар біздің баға жетпес ресурсымызды сақтау, болашақ ұрпақ үшін орнықты даму негізін құруға бағытталған. Осылайша, бұл сессияда Парламент үш маңызды салалық кодексті заман талабына сай бейімдеп, жаңартты", – деп қорытындылады Ерлан Қошанов.
Бұған дейін қазақстандық депутаттардың демалысқа шыққандығы хабарланған болатын.