Мектеп жабылып, мұғалімдер жұмыссыз қалмас үшін ауыл әкімі әлеуметтік желіде хабарландыру жариялады. Ол ауылға көпбалалы отбасыларды шақырады. Оларға баспана, жұмыс ұсынылады, ал елдімекенге газ жүргізіліп жатқан жайы бар, деп жазады Диапазон басылымы.
Велиховка - Ақтөбеден 90 шақырым қашықтықта Қарғалы ауданында орналасқан.
"Бізде соңғы 10 жыл бойы балалар санына қатысты мәселе бар. Биыл мектепте тек 8 бала қалған, бұған дейін мұндай болмаған. Бұрын 16-17 бала болатын, біз ауданымызға қоныс аудару үшін балалары бар тұрғындарды іздейміз. Үш жыл бұрын бір баласы бар бір отбасы көшіп келді, біз бұған қуандық. Адамдардың бұған дейін біздің ауданға көңілі онша соқпады. Өйткені газ жоқ. Оның себебі де бар. Халық саны жетпейді. Бірақ биыл, міне газ берілгелі жатыр. Газдандыруға бюджеттен 684 млн теңге бөлінді, қыста бізде газ болады деп үміттенеміз", - дейді Жолдас Қарағұлов.
Велиховкада 60 үй, жүзге жуық тұрғын бар. Мұндағы ата-аналар "егер мектеп жабылса, балаларды 30 шақырымда орналасқан Бадамшудағы немесе 15 шақырым қашықтықтағы Қосістектегі интернатқа ауыстыруы мүмкін" деп алаңдаулы.
"Біз ауылға жаңа адамдар келсе дейміз. Ауданымыз Орск тас жолының жанында, 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылымызда екі ЖШС бар: бірінде бидай өңдейді, екіншісі - мәрмәр карьері, сондықтан жұмыс бар. Бізде орталық су құбыры жүргізілмеген, әр үйдің алдында өз құдығы бар, бірақ су тұзщы. Ауыл орталығына су тазартатын қондырғы қойылған, сол арадан тұрғындар ауыз суды тегін алады", - дейді әкім.
Бұған дейін Алматыда бір аудан тұрғындарына сүйінші хабар жеткізілді.