Алматыда бір аудан тұрғындарына жақсы жаңалық айтылды
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңа қоғамдық кеңістіктің абаттандырылу жұмыстарын көріп қайтты. Жаңа саябақ Жароков пен Си Синхай көшелерінің қиылысында, "Оңтүстік" саябағының солтүстігінде орналасқан. Жалпы аумағы 4,1 гектар.
Жұмыс сапары барысында әкім құрылыс барысымен танысты. Жобада жаяу жүргінші жолдары, балалар ойын алаңдары, жарық шамдар мен шағын сәулет нысандары қарастырылған. Ерекше көңіл көгалдандыруға бөлінген: 120-дан астам ағаш – жөке, каштан және қарағай отырғызу жоспарланған.
"Мердігерлерге нақты тапсырма берілді, құрылыс белгіленген уақытта әрі тиісті деңгейде аяқталуға тиіс. Қала тұрғындарына сапалы жұмыс керек, біз мерзімнің созылып кетуіне немесе атүсті жасауға жол бермейміз. Егер тәртіп бұзушылықтар анықталса, қатаң шаралар қолданамыз", - деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ ол жұмыс сапасына жеке жауапкершілік туралы ескертіп, ереже бұзылған жағдайда шара қолданылатынын айтты.
Құрылыс жұмыстары үш ай ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Жаңа саябақ қала тұрғындары мен қонақтарына арналған заманауи демалыс орнына айналмақ.