Акорданың 2 қыркүйектегі ақпаратына сәйкес, бұл жоба – "Самұрық-Қазына" АҚ мен SANY Renewable Energy компаниясы арасындағы табысты серіктестіктің нәтижесі. SANY – әлемдегі жел энергетикасы жабдықтарын шығаратын ең ірі өндірушілердің бірі. Бұл – Қазақстандағы осындай тұңғыш зауыт.
Өндірістік база Шу қаласындағы "Жібек жолы" арнайы экономикалық аймағында орналасқан.
"Кәсіпорын жел электр станцияларына арналған гондолалар, муфталар, мұнаралар және басқа да негізгі компоненттерді шығаратын болады. Жобаны жүзеге асыру Қазақстанда жаңа жел электр станцияларын салуға жол ашып, елдің "жасыл" энергетикасын дамытуға елеулі үлес қосады", – делінген Ақорда хабарламасында.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Бейжіңде өткен қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында Қазақстан мен Қытай арасындағы негізгі жобаларды атап өтті.