Электросамокатты жалға берушілер саланы реттеудің бірыңғай ережелерін енгізуді ұсынды

Фото: Zakon.kz
Jet, Яндекс Go, Whoosh және Bolt электросамокаттарын жалға беру нарығының қатысушылары ортақ ережелер мен жауапты пайдалануға арналған шаралар пакетін ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұсынылған негізгі 12 шара төмендегідей:

1. Пайдаланушыларды цифрлық сәйкестендіру

Пайдаланушыларды тіркеу кезінде арнайы сертификатталған қызметтер арқылы цифрлық сәйкестендіру модульдерін енгізу ұсынылады. Бұл жол ережелері мен қызмет шарттарының бұзылуының алдын алуға көмектеседі.

2. Рұқсат етілген тұрақ аймақтарын белгілеу

Барлық кикшеринг компаниялары тұрақ аймақтарын біріктіреді және біртұтас карта жасайды. Тар тротуарларға (1,5 м-ден аз), жаяу жүргінші өткелдеріне жақын жерлерге тұрақ салуға шектеулер қойылады. Алматы мен Астана қалаларында 3000–5000 тұрақ аймағы қажет. Бұл шара электросамокаттардың ретсіз қойылуын азайтып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

3. Әлеуметтік нысандар маңында жылдамдықты шектеу

Мектептер, балабақшалар, ауруханалар, ХҚКО, сауда орталықтары секілді нысандардың айналасындағы 100 метр радиуста жылдамдық 15 км/сағ деңгейінде шектеледі.

4. Адам көп жүретін көшелерде жылдамдықты шектеу

Жаяу жүргіншілер көп жүретін көшелерде жылдамдық 20 км/сағ деңгейінде шектеледі. Бұл қадам пилоттық режимде іске қосылып, оң нәтиже берсе, басқа көшелерге де енгізіледі.

5. Тыйым салынған және шектеулі аймақтардың бірыңғай картасы

Парктер, алаңдар, ескерткіштер, серуендеу аймақтары секілді рекреациялық орындарда электросамокатты пайдалануға шектеу немесе тыйым салынады. Осы бағытта әкімдіктермен бірлесіп инспекция жүргізіледі.

6. Үлкейтілген нөмірлік белгілер орнату

2025 жылғы қыркүйектен бастап самокаттарға бүйірінен үлкейтілген нөмірлер орнатылады. Кейінірек ІІМ стандарттарын бекіткеннен кейін артқы жағына да орнату жоспарланған. Бұл бұзушыларды анықтап, жауапкершілікті күшейтеді.

7. Шағым қабылдайтын бірыңғай сервис іске қосу

Telegram-бот арқылы азаматтар мен мемлекеттік органдардан шағымдар қабылданады. Жүйе автоматты түрде фотоларды өңдеп, шот бұғаттау, айыппұл салу секілді шаралар қолданады және ішкі істер органдарына мәліметтер жібереді.

8. Өмір мен денсаулықты сақтандыру

Электросамокатты жалдау бағасына өмір мен денсаулықты сақтандыру енгізіледі. Жазатайым жағдай болған кезде сақтандыру төлемдері самокат жүргізушісіне де, зардап шеккен үшінші тарапқа да төленеді.

9. Жауапты пайдалану туралы әлеуметтік жарнама

2025 жылғы қыркүйектен бастап жарнамасыз ақпараттық кампания басталады. Жарнама билбордтарда, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та және қоғамдық пікір көшбасшылары арқылы таратылады.

10. Қолданушыларды жаппай оқыту

Алматы қаласының жоғары оқу орындарында самокат жүргізу мектептері ашылып, қауіпсіздік пен жауапкершілік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл бастама жастар арасында жауапты пайдалануға үйретеді.

11. Полициямен бірлескен рейдтер

Әкімдіктер, полиция және компаниялармен бірлесіп тұрақты рейдтер ұйымдастырылады. Бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылады және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

12. Инфрақұрылымды дамыту

Негізгі мәселе – веложолдардың жетіспеушілігі, бұл жаяу жүргіншілер мен самокат жүргізушілер арасында қақтығыс тудырады. Компаниялар мемлекетке анонимді және агрегатталған деректерді ұсынуға дайын.

Кикшеринг өкілдерінің айтуынша, бұл ұсыныстар барлық жол қозғалысына қатысушылардың мүддесін ескереді. Алматыда ғана күніне 100 000-нан астам электросамокатпен жүру тіркеледі. Ұсынылып отырған шаралар нақты мәселелерді шешуге бағытталған. Алайда олардың тиімділігі қолдану жылдамдығы мен сапасына байланысты болмақ.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында не айтты

Экономикалық интеграцияны тереңдету бағытында ауқымды жұмыс атқарылды – Тоқаев ЕАЭО туралы

Мемлекеттік қордан тұрғын үйді жекешелендіру: өзгерістер енгізілді

Тоқаев қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеу жасады

Тоқаев америкалық журналға мақала жазды