Иттің соңынан қуған қар барысы Алматы тауларында туристердің алдынан шықты
Сурет: Instagram/oksana_perekupko
Алматы тауларында қар барысы адамдарға жақын жерге түсті. Сирек кездесетін жыртқышты туристер ұялы телефон камерасына түсіріп алған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға туралы ақпарат 2026 жылғы 20 қыркүйекте әлеуметтік желіде жарияланды. Екі турист әйел тау соқпағында қар барысымен бетпе-бет келген.
"Вика екеумізге соқпақ жолда жергілікті бір ит қосылды. Тауда жиі кездесетіндей, ол бізге еріп жүрді. Бірде алға жүгіріп кетіп, бізді күтіп алады да, қайтадан шаба жөнеледі. Бір жерде демалып отырғанымызда, ит алға кетіп қалды. Кенет оның тоқтаусыз әрі мазасыз үргенін естідік. Жақындай түссек, жүні үрпиіп, бір нүктеге қадалып тұр екен. Ал алда ештеңе көрінбейді: күн көз қарықтырады, айнала бұта мен шырша. Бір кезде ит орнынан тұра жүгірді. Бірнеше секундтан кейін ол кері қарай зымырап келе жатты, ал соңынан қар барысы қуып келеді! Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды. Таңғы күн сәулесіне шағылысып, шаң арасынан шыққан барыс кино кадрындағыдай әсер қалдырды", – деп еске алды алматылық Оксана.
Оның айтуынша, қар барысы туристерді байқаған кезде тоқтап қалған.
"Ол бізге өте жақын болды. Итке алаңдап, айғайлай бастадық. Барыс бірнеше секунд бойы бізге қызыға қарап тұрды да, асықпай шыршаның тасасына кіріп кетті. Кейін оны соқпақтың жоғары жағынан тағы бір рет көрдік. Шамасы, жақын маңда өзі күзетіп жүрген олжасы болған", – деді турист.
Бұған дейін тамыз айында Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағында жүрген туристер бірнеше қар барысын бірден көріп, видеоға түсірген еді. Сирек жыртқыштарды тау бағытынан қайтып келе жатқан туристік топтың гиді байқап қалған.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript