Туристер Алматы тауларында бірден үш қар барысын кездестірді - видео
Сурет: pexels
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристер сирек кездесетін қар барысын кездестірді. Олар бұл ерекше сәтті бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бірден үш барыс бейнеленген кадрлармен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми парақшасы бөлісті.
"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірінде қар барысы кездесті. Сирек жыртқышты таулы бағыттан қайтып келе жатқан туристік топтың гиді байқап қалған. Ерекше сәт бейнекамераға түсірілді",- деп мәлімдеді ведомство.
Бұл ретте, қар барысының еліміздің Қызыл кітабына енгізілгені және мемлекет қорғауындағы сирек жануар екені атап өтілді.
Комитет өкілдері жабайы жануарды кездестірген жағдайда оған жақындамау, соңынан қумау, шу шығармау және қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажет екенін ескертті.
Бұған дейін Катонқарағай ұлттық паркінде қар барысы тауға орнатылған фототұзақты зақымдағанын жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript