Қазақстанда орман алқаптарын қалпына келтіруге бағытталған жаңа экожоба басталды

Сурет: Halyk қайырымдылық қоры
Қазақстанда табиғатты қорғау саласында ауқымды бастама жүзеге асырыла бастады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Halyk қоры бірлесіп ұлттық деңгейдегі "Halyk орманы" жобасын іске қоспақ. Бұл бастамаға 1 миллиард теңге бағытталады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бастаманың мақсаты – елдегі орман алқаптарын қалпына келтіру, жасыл аймақтарды кеңейту және экологиялық мәдениетті дамыту. Жоспар бойынша алдағы бес жылда "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерваты, Іле-Алатау ұлттық паркі және елорда маңындағы жасыл белдеуде 4 миллионнан астам ағаш отырғызу көзделген.

16 қыркүйекте тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат алдағы жылдарға арналған нақты экологиялық қадамдардың құқықтық негізін айқындайды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жоба өрттен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтірумен қатар, елдегі биоалуантүрлікті сақтауға және климаттық тепе-теңдікті ұстап тұруға ықпал етеді.

"Қоршаған ортаны қорғау – тек бір саланың міндеті емес. Бұл – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның ортақ ісі. Біз қазір табиғатты сақтау жолында шешуші қадамдар жасауға тиіспіз. «Halyk орманы» – сондай игі бастамалардың бірі. Жоба тек өрттен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіріп қоймайды, сонымен қатар еліміздің жасыл қорын көбейтіп, климаттық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Бұл бастама – елдің стратегиялық таңдауы. Орман отырғызу – ғасырлық іс, оның жемісін ұрпақ көреді", - деді министр.

Жобаның негізгі міндеті – экологиялық тұрғыдан осал аймақтарда жаңа орман алқаптарын құру, өрттен зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуантүрлік пен экологиялық тепе-теңдікті сақтау. Бұл жоба кейінгі жылдардағы қайғылы оқиғалар аясында ерекше маңызға ие. 2023 жылдың маусымында "Семей орманы" табиғи резерваты аумағында еліміздің тарихындағы ең алапат орман өрті болды: 60 мың гектардан астам орман аумағы өртенді. Бұл жағдай орман алқаптарын қалпына келтіру мен экологиялық апаттардың алдын алу шараларын күшейтудің қаншалық маңызды екенін көрсетті.

Бұл қаржы тек ағаш отырғызуға емес, сонымен қатар жасыл аймақтарды күтіп-баптауға және экологиялық білім беру жобаларына да жұмсалмақ.

БҰҰ қоршаған орта жөнiндегi бағдарламасы Орталық Азия бойынша субаймақтық кеңсе басшысы Айдай Кұрманова да бұл бастамасын қолдайтынын жеткізді.

"Әлемде экологиялық дағдарыс тереңдеп барады. Жаһандық жылыну, ормандардың жойылуы – тек бір елдің емес, барша адамзаттың мәселесі. Осындай шақта Қазақстанның бастамасы ерекше маңызға ие. Бұл жоба – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның күш біріктіре алатынын көрсететін нақты мысал. Бұл – тек ағаш отырғызу емес, адамдардың санасын өзгерту. Қазақстан осы арқылы бүкіл әлемге үлгі көрсетті. Жобаның әрбір қадамы халықаралық қоғамдастыққа үміт сыйлайды. Біз бұл бастаманы қолдап қана қоймай, оны өзге елдерге де ұсынуға дайынбыз", - деп атап өтті БҰҰ өкілі.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы қайғылы жағдайға қатысты көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады

Түркістан облысында болған өрттен 12 адам қаза тапты

Елордалық фельдшер, марқұм Ұлдана Мырзуан "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды

Ақмарал Әлназарова қызмет бабында қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның отбасына көңіл айтты