Мемлекет басшысы Ұйымның сексен жыл бойы ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және адам құқығын қорғау саласындағы белсенді қызметіне ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, Тоқаев қазіргі жаһандық ахуалдың күрделі әрі өзгермелі екенін, көпжақты халықаралық институттарға деген сенімнің төмендеп бара жатқанын айтты. Ол халықаралық құқықтың жиі бұзылуы әлемдік тұрақтылыққа зиян келтіріп, мемлекеттер арасындағы сенімді азайтқанын атап өтті.
"Қиын-қыстау уақытта біз бәріміз БҰҰ позициясын күшейтуге және ұйымның заман талабына сай бейімделуіне ықпал етуіміз керек. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық соғыс өртінен басым болуға тиіс", - деді Президент.
Тоқаев сонымен қатар қазіргі көшбасшылардың әрекетсіз қалуға құқығы жоқ екенін ескертті, өйткені олардың шешімдері келешек ұрпақ тағдырын айқындайды. Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықты бейбітшілік пен жауапкершілік жолында бірге жұмыс істеуге шақырды.