Оның айтуынша, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары аяқталу сатысында тұр.
"Соңғы аптада бір қазандық пен үш турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Қосымша 10 қосалқы станция мен 100 тарату пункті жөнделді. Сондай-ақ 13 шақырым жылу желісі қайта жаңартылды. Жалпы, бекітілген кестеге сәйкес 6 энергия блогы, 29 қазандық және 16 турбинада жөндеу жүргізілді. Жылу желілерінде 323 шақырымның 293 шақырымы бойынша жұмыстар аяқталды", – деді Роман Скляр.
Вице-премьердің айтуынша, Степногорск пен Аягөз қалаларында жылыту маусымына дайындық толық аяқталған.
"Орал қаласында өткен аптада жұмыстардың қосымша 20%-ы аяқталып, жалпы дайындық деңгейі 85%-ға жетті. Барлық жөндеу жұмыстары 15 қазанға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Аягөздің орталық қазандығында №3 қазандық жөнделіп бітті, №2 қазандықтың дайындығы – 70%, ал №1 қазандық – 20% дайын. Сәтбаев қаласында №2 қазандық жөндеуден өтті, ал №1 қазандық 30 қыркүйекке дейін дайын болады. №3 қазандықтағы жұмыс 82%-ға, ал №4 – 48%-ға орындалды", – деді Скляр.
Бұған дейін пәтер иелері бірлестіктері (ПИБ) мен кондоминиум басқарушылары жылу энергиясын тұтыну жөнінде есеп беруге міндеттелгені хабарланған болатын.