2025 жылы 23 қазанда аталған видеоны атыраулық азаматтық белсенді Нұрлан Жұнасов Instagram-парақшасында жариялаған. Кадрлардан екі қыздың өз қатарластарын аяусыз ұрып жатқанын көруге болады. Белсенді видеоны WhatsApp арқылы алғанын айтып, ҚР Ішкі істер министрінен оқиғаның қай жерде және кімдердің зардап шеккенін анықтауды сұрады.
Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысқандардың бәрі анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілгенін хабарлады.
"Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ материал кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды. Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды", - делінген Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Облыстық білім басқармасы да арнайы комиссия құрғанын мәлімдеді.
"Оқиға сабақтан тыс уақытта болған. Қазір Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғады. Оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, мәселе Жаңаөзен қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылады. Жағдай Маңғыстау облысының білім басқармасының ерекше бақылауында", - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.