Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап фермерлерге ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдеу технологияларын сатып алу мен орнату шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін артқан.
"Субсидия мөлшері тариф құнына қарай дифференциалды түрде белгіленді. Егер су үнемдеу технологиялары қолданылса, субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды, ал қолданылмаса, керісінше, жыл сайын 10%-ға азаяды – 2024 жылы 50–75%-дан 2026 жылы 30–55%-ға дейін төмендейді", – деді Жайық Ерікұлы.
Маманның айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы алқаптардың көлемі 2023 жылғы 312,2 мың гектардан биыл 580 мың гектарға дейін ұлғайған. Бұл – суармалы жерлердің жалпы аумағының 30%-ы.
"Ал 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы жер көлемін 1,3 миллион гектарға, яғни жалпы суармалы алқаптың 70%-ына дейін жеткізу жоспарланып отыр", – деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда ауызсу, техникалық су және суару мақсатында пайдаланылатын 4803 жерасты су кен орны бар.