Жыл басынан бері полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтау және өсіру фактілерін анықтады, сондай-ақ бір нарколабораторияның қызметі тоқтатылды. Бұдан бөлек, есірткіні өткізу бойынша 24 деректің жолы кесілді.
Жедел-профилактикалық "Қарасора" іс-шарасы барысында бес бақылау-өткізу бекеті ұйымдастырылып, есірткіге қатысты 58 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде бес дерек – қарасора егу, 16 дерек – есірткі заттарын сату фактілері.
Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде Ұлытау облысы аумағында марихуана түріндегі есірткіні аса ірі көлемде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында аталған топтардың есірткі заттарын Жамбыл облысы, Шу аңғарынан жеткізіп отырғаны анықталды.
Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ ағымдағы жылы мак өсімдігінен алынған есірткі өнімдерін заңсыз өткізумен айналысқан тағы бір қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Аталған іс бойынша бес күдікті 10–11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар есірткіні насихаттаумен айналысқан 1050 интернет-ресурстың қызметі бұғатталды. Antifraud желісі аясында заңсыз операцияларда пайдаланылған шамамен 2800 банк шоты мен картасының жұмысы тоқтатылды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2025 жылды "Профилактика жылы" деп жариялауына сәйкес, департамент қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастырып келеді.
Есептік кезеңде 841 есірткіге қарсы іс-шара өткізілді, оларға 33 мыңнан астам адам қатысты. Волонтерлермен бірлесе отырып, есірткіге қатысты 155 граффити жазбасы жойылды.