Алматыда 13 жастағы бала сегізінші қабаттан құлап, аман қалды

Скорая помощь, машина скорой помощи, автомобиль скорой помощи, карета скорой помощи, детская площадка, скорая помощь у детской площадки, машина скорой помощи у детской площадки, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.11.2026 13:38 Фото: Zakon.kz
Алматыда дәрігерлер сегізінші қабаттың терезесінен, шамамен 24 метр биіктіктен құлаған 13 жастағы жасөспірімнің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 6 қарашада жасөспірім жедел жәрдем көлігімен №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген.

"Ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Оған бірнеше дене мүшесін қамтыған жарақат, жабық бас-ми жарақаты, миы шайқалып, соғылуы, қол-аяғының бірнеше жерден сынуы, кеуде қуысы мен құрсақ қуысы мүшелерінің зақымдануы диагнозы қойылды. Сондай-ақ жарақаттық шок алғаны анықталды", – деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Медетали Макулбековтің айтуынша, дәрігерлер науқастың өмірлік маңызды ағзаларының қызметін сақтап қалу үшін бірден шокқа қарсы шаралар мен қарқынды ем жүргізе бастаған.

Алғашқы екі тәулікте реаниматологтар жасөспірімнің жағдайын тұрақтандыруға күш салды. Одан кейін оған ота жасалды. Үшінші күні бала жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылды.

Травматологтар мен реаниматологтар тобы жалпы төрт ота жасады. Емдеу жұмыстарына хирург Әділжан Нұров, анестезиолог Медетали Макулбеков, ассистенттер Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысты.

"Сегізінші қабаттан құлау – өте ауыр жарақат. Баланың аман қалуының өзі нағыз ғажайып деуге болады. Қазір науқастың жағдайы жақсы болжам жасауға мүмкіндік береді. Алда оны емдеу, қалпына келтіру және оңалту шаралары күтіп тұр. Біз оның жағдайын бақылауды жалғастырып, тезірек сауығып кетуі үшін барлық қажетті шараны жасап жатырмыз", – деді №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Құрметбек Тоқтар.

Айта кетейік, Шымкентте дәрігерлер жүктіліктің 26-аптасында салмағы небәрі 840 грамм болып дүниеге келген сәбиді аман алып қалған еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: