Министр атап өткендей, биыл салтанатты киім үлгісі толықтай Қызылордадағы отандық бренд тарапынан тігілген.
"Барлық сын-пікірлер, ұсыныстар ескерілді. Келесі Азия ойындарында байқау жариялаймыз. Ал бүгінгі таңда бұл салтанатты форма біздің спортшыларға ұнайды, бәрі спорт қауымдастығымен бірге келісіліп, тігілді. Салтанатты киімнен бөлек, бізде спорттық, яғни жарыс кезінде киілетін киім-кешек бар. Биыл осы киімге көп нәрсе тәуелді екенін ескеріп, халықаралық Under Armour брендімен келісімшартқа отырдық. Бұл киімдер спортшылардың өнер көрсету кезінде қолданылатын болады. Бұл спорттық пакетте шамамен 18 өнім түрі бар. Әрі олар 70% жеңілдікпен жеткізіледі", – деді Ербол Мырзабосынов.
Оның сөзінше, бұл да бюджеттен тыс қаражат есебінен алынған.
"Парадтық формаға келетін болсақ – иә, біз оны жетілдіріп, қайта қараймыз. ...Ашық конкурс болады. Барлық отандық брендтер қатыса алады", – деді министр.
Бұл ретте, министр Азия ойындарына арналған формаға бөлінетін қаржы туралы нақты мәлімет кейінірек жарияланатынын айтты.
Бұған дейін Моңғолияның Олимпиада комитеті 2026 жылы Италияның Милан–Кортина қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында спортшылар киетін салтанатты және күнделікті киім үлгілерін ресми түрде таныстырғанын жазғанбыз. Тарихи болмыс пен бүгінгі күннің талабын сәтті үйлестірген киім топтамасы бірауыздан көпшіліктің көңілінен шықты.