Депутат Энергетика вице-министріне: Сіз бізге жалған ақпарат беріп отырсыз

Сурет: Мәжіліс баспасөз қызметі
2026 жылғы 12 ақпанда Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің отырысында депутат Мұрат Әбенов Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровпен пікірталасқа түсті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Пікірталасқа депутаттың жер қойнауын пайдалану саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты келтірген мысалы себеп болды.

"Өткен жылы бір компанияда техникалық қызметтер мен инженерлік зерттеулерге тапсырыстар орналастырған екі әйел сотталды. Бар-жоғы 60 адам жұмыс істейтін шағын компанияда екі әйел 6 млрд теңге жымқырған. Ал сіздер оларға жыл сайын 2 млрд теңгеден ірі тапсырыстар беріп отырғансыздар. Сөйтсек, көптеген жыл бойы қаржы ұрланған. Жыл сайын 2 млрд теңгеден. Компания осы уақыт ішінде 31,2 млрд теңге табыс тапса да, бар болғаны 174 млн теңге корпоративтік табыс салығын төлеген. Өткен жылы сот өтті. Сотта әлгі екі әйел мұны мәжбүрлі түрде істегендерін айтты. Қағаз жүзінде біз жоғары технологиялы компаниямыз деп көрсетілгенбіз, бірақ шын мәнінде түрлі жеке кәсіпкерлерді тауып, салықтық жеңілдіктерді пайдаланып, қаржыны соларға аударып отырғанбыз деді. Кейін ол қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, пара беруге, сатып алуға жұмсалған. Шын мәнінде жергілікті мазмұн болмаған, өйткені бізде ондай жабдық та болмаған, ал Энергетика министрлігі тарапынан зерттеу жүргізілмеген", – деді Әбенов.

Ол вице-министр Ерлан Ақбаровтан неге аталған компаниямен ынтымақтастық әлі де жалғасып отырғанын түсіндіруді сұрады.

Өз кезегінде вице-министр былай жауап берді:

"Бұл жерде ҒЗТКЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) бойынша 1% қаржы туралы сөз болып отыр. Ол аккредиттелген компания болған. Энергетика министрлігі өз жанындағы ғылыми-техникалық кеңес арқылы бұл жобаларды бекітеді, әрі қарай бақылау функциялары жоқ. Біз ғылыми жұмысты қабылдадық, оған қатысты ешқандай сұрақ болмады. Кейін Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық іс қозғады, олар жалған кәсіпкер болып шықты. Заңнамаға сәйкес жазаларын алды. Сонымен қатар бізге ҚМА-дан хат келді: оларға төлем жасаған барлық жер қойнауын пайдаланушылар қазір бұл қаражатты мемлекетке қайтарып жатыр. Екі компания соттасып жатыр, өйткені жұмыс орындалған, оны жер қойнауын пайдаланушылар да, мемлекет те қабылдаған. Сондықтан мұнда "ұрлық" болды деуге болмайды. Бұл – жалған кәсіпкерлік", – деді Ақбаров.

Алайда депутат бұл жауапқа қанағаттанбады және ведомство өкілі жалған ақпарат беріп отыр деп мәлімдеді.

"Мұны сот дәлелдеп қойған жоқ па? Сіз сот шешіміне қарсысыз ба? Сіз – саяси мемлекеттік қызметшісіз. Қазақстан соты 6 млрд теңгенің жымқырылғанын растады, ал сіз "ұрлық жоқ" дейсіз. Мұны қалай айтасыз? 32 млрд теңгеге техникалық қызмет көрсету мен зерттеу жүргізуге тапсырыс берілген. 6 млрд теңге қолма-қол ақшаға айналдырылып, пәтерлер сатып алынған және тағы басқа. Бұл – ұрлық. Егер сіз дайындалмай келген болсаңыз немесе менің сұрағымды дұрыс түсінбеген болсаңыз – ол басқа мәселе. Мен нақты сұрақ қойдым: қылмыстық іс бар, сот төрт ай жүрді, шешім шықты. Неге оларды қорғайсыз? Сізді Парламентте жалған ақпарат бергеніңіз үшін жауапкершілікке тартуды сұраймын", – деді Әбенов.

Өз кезегінде Ерлан Ақбаров мәселені нақтылап, жазбаша жауап беруге уәде етті.

Бұған дейін Қазақстанда кейбір арнайы экономикалық аймақтардағы қызмет түрлері кеңейтілгенін жазғанбыз.

Қазақстан
Әбенов Мұрат

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстан арнайы мақсаттағы бөлімшелері командалары Дубайдағы жарыстың бірінші күнінде жаппай топ жарды

ЖТС мөлшерлемелері, мүгедектігі бар адамдарға арналған жеңілдіктер: жаңа Салық кодексінде не қарастырылған

Қазан айында Алматыда электр қуатының бағасы өсуі мүмкін

Синоптиктер еліміз бойынша 8 ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады

Алматыда ашық аспан астында әскери техникалар музейі ашылды - фоторепортаж