Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қазіргі эпидемиологиялық ахуал мен аурудың алдын алу барысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осылай деді.
Оның айтуынша, аурудың өсімі былтырғы қарашада басталып, сол кезде 30 адам тіркеліпті. Желтоқсанда олардың саны 142-ге дейін жетті. Жылдың басынан бері өсім жалғасып, қазір қызылшамен ауырған 482 адам тіркелген.
"Науқастардың басым көпшілігі қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар. Бұл инфекцияның таралып, ауру ошақтарының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан екпе алуды елемеуге болмайды", — дейді Әсел Қалықова.
Ауруы расталғандардың 451-і 14 жасқа дейінгі балалар болып шықты, бұл 93,5% деген сөз. Жасөспірімдер — 0,4%, ересектер — 6,01%. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 19,8-ге жетті. Ең көбі Алатау ауданында — 197, Наурызбай ауданында — 110, Бостандық ауданында — 45, Әуезов ауданында — 39, Алмалы ауданында — 32, Түрксіб ауданында — 24, Жетісу ауданында — 20 және Медеу ауданында — 15 науқас тіркелген.
"Науқастардың 87,9%-ы қызылшаға қарсы егілмеген. Негізгі себебі — вакцинациядан бас тарту, медициналық қарсы көрсетілімдер мен екпе жасына жетпеуі. Бұл халықтың ауруға ең бейім тобы", — деді спикер.
Екпе алғандар арасында да қызылшамен ауырған 34 адам тіркелген, оның ішінде 33 адам вакцинацияның толық курсын алмаған, біреуі ғана толық егіліпті. Науқастардың ең үлкен үлесі 1 жастан 4 жасқа дейінгі балалар мен бір жасқа толмаған сәбилер. Контингент бойынша ауру көбінесе ұйымдастырылмаған балалар арасында — 72,1%, одан кейін ұйымдастырылған балалар, мектеп оқушылары, әскери қызметшілер, жұмыссыз ересектер мен студенттер арасында анықталған.
Инфекция ошақтарының барлығында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. 4154 байланыста болған адам анықталып, олар инкубациялық кезең ішінде медициналық бақылауға алынды. Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша қызылша, қызамық пен паротитке қарсы байланыста болған 706 адамға вакцина салынды. Балабақшалар мен мектептерде сүзгілік бақылау енгізіліп, кабинетте оқыту жағы уақытша тоқтатылды, жаппай іс-шаралар шектеліп, екпе алмаған байланыста болған балалар оқшауланды.
"Вакцинация қызылша мен оның асқындырып алудан қорғанудың жалғыз тиімді жолы болып қала береді. Вакцинаның әр дозасы баланың иммунитетін күшейтіп, аурудың ауыр өту қаупін төмендетеді. Біз ата-аналарды екпеге жауапкершілікпен қарауға шақырамыз", — деді Әсел Қалықова.
Алматыда бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балаларды қамтитын қосымша иммундау жалғасып жатыр. Сондай-ақ 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қосымша вакцинация жүргізіле бастады. Былтырғы желтоқсаннан биылғы ақпанға дейін 1720 сәби қамтылып, бұл жоспарланғандардың 16,1%-ын құрады. Жыл басынан бері қызылшаға қарсы 4200 бала мен жасөспірім екпе алды. Жоспарлы вакцинация екі рет — 1 жаста және 6 жаста тұрғылықты жердегі емханаларда жүргізіледі.
Мамандар екпе күнтізбесін сақтау тұрақты поствакциналық иммунитет қалыптастырып, инфекцияның тарамауына сеп болатынын атап өтті.