Жапонияда Азия қазақтарының ІІІ құрылтайы өтті
Сурет: wikipedia
Азия қазақтарының үшінші құрылтайы Жапонияда өтті. Мұндағы қазақ диаспорасы шағын. Күншығыс елінде шамамен 600 қазақстандық тұрады. Тағы 20 адам осы елдің азаматтығын алған. Токиодағы елшіміз Ерлан Баударбек-Қожатаевтың хабарлауынша, Жапониядағы консулдық есепте бар-жоғы 327 қазақстандық тіркелген. Бірақ диаспора өте белсенді және "Отандастар" қорымен тығыз жұмыс істейді, деп хабарлайды 24.kz.
"Рухани мұраны барлық сақтауға, баға жетпес үлес қосып қазақ тілімен домбырада ойнауды оқыту курстарын ұйымдастырған "Отандастар" қорының рөлін ерекше атап өткім келеді". Ерлан Баударбек-Қожатаев, Жапониядағы Қазақстанның елшісі
Депутат Бибігүл Жексенбай қандастарға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сәлемін жеткізіп, қазақ диаспорасы үшін маңызды мәселелерге тоқталды.
"Шетелдегі әрбір қазақ баласының қазақша сөйлеуі Қазақстанның рухани ықпалының сақталғанын білдіреді. Сондықтан жексенбілік мектептерді, онлайн оқыту жобаларын, қазақ тілі курстарын, балаларға арналған мәдени бағдарламаларды күшейту - ортақ міндет. Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар шетелдегі қазақ жастары үшін ашық әрі тартымды болуы керек. Бізге жаһандық ойлайтын, бірақ ұлттық болмысын жоғалтпаған жаңа буын қажет". Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Форум аясында жәрмеңке ұйымдастырылып, онда Қазақстанға танымал брендтер зергерлік әшекейлер, аксессуарлар мен ұлттық киім үлгілерін ұсынды. Құрылтайдың пленарлық бөлімінде ғалымдар, этнографтар мен музыканттар қазақ пен жапон халықтарының тарихи байланыстары, қазақ асханасының ұмытыла бастаған мәзірлері мен көмеймен ән айту өнері туралы әңгімеледі.
Шараны тамашалауға келген көрермендерге, соның ішінде жергілікті тұрғындарға тұсаукесер рәсімі көрсетілді. Бүлдіршінге ақ батасын актер Сағаділдә Үсібәлі мен Жапонияда танымал сумо балуаны Ерсін Балтағұл берді.
"Қазірше уақытымыз жоқ, шыны керек. Келесі айдың 10-ында біз Францияға жаттығуға бара жатырмыз, Париж қаласына. Соған байланысты бізде уақыт тығыз. Содан елшіміз Ерлан аға хабарласып, осындай құрылтай ұйымдастырылып жатқанын, оған қатысуың міндетті екенін айтты. Сол себепті жаттығуды орта жолдан үзіп, осында келген жайымыз бар".Ерсін Балтағұл, сумо балуаны
Форум қазіргі заманғы және халық музыкасының концертімен аяқталды. Жапониядағы диаспора жастары әнші Еңлікті тыңдауға жиналды. 250 адамға арналған залда ине шаншар жер болмады. Азия қазақтарының келесі құрылтайы 2027 жылы Моңғолияда өтеді.
Бұған дейін Еуропаның түкпір-түкпіріндегі қазақтар Париж төрінде бас қосқанын жазғанбыз.