Еуропаның түкпір-түкпірінен келген қазақтар Париж төрінде бас қосты

Париж, Еуропа, шетел, қазақтар, құрылтай, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.05.2026 13:58 Сурет: Herzog & de Meuron
Биылғы құрылтайды Қазақстанның Франциядағы елшілігі Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен "Отандастар" қоры және Қазақ-француз-түрік қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Еуропаның 16 елінен, сондай-ақ Түркия мен Моңғолиядан келген қандастар мен отандастарымыз шетелдегі қазақтардың рухани тұтастығын нығайтатын дәстүрлі алаң - құрылтайда бас қосты. Жиында қазақ халқының тарихи тамыры Алтын Орда мұрасымен сабақтас екені айтылып, еліміздің халықаралық деңгейдегі рөлінің артып келе жатқаны сөз болды. Қатысушыларды ұйымдастырушылар мен мәртебелі қонақтар құттықтады. Бұл күні мінберге көтерілгендердің бәрі бір ауыздан ана тілін сақтау, ұлттық мәдениетті дәріптеу және туған елмен байланысты үзбеудің маңызын айтты, деп хабарлайды 24.kz.

"Әрине, бұл шараның маңыздылығы өте зор. Әсіресе, осы шетелде тілін, әдет, салт-дәстүрін жоғалтып бара жатқан біздің қазақ бауырласымыз бір-бірімен танысып, өзінің тілі мен дәстүріне қауышуына үлкен мүмкіндік алды. Бір жағынан біз әрбір Еуропадағы тұрып жатқан мықты азаматтармен танысып, солармен әрі қарай болашақта да елге бір кішкене болса да еңбек етсек деген үлкен арманды жүзеге асырсақ деген ниет бар". Қыдырали Оразұлы, фармацевт, Лондон тұрғыны
"Біз шет елде жүрсек те, жүрегіміз "қазақ" деп соғады, әрдайым біз өзіміздің Қазақ еліміздің көк туынын желбіретіп жүргеніне мақтанамыз. Шетелде біз оны мақтан тұтып өзімізше қазақ елінің дамуына, өркендеуіне ат салысып жүрміз деп ойлаймыз".Жанаргүл Бақтыгерейқызы, мажар–қазақ этноспорт және мәдени қауымдастығының жетекшісі

Құрылтайға бұрынғы көші-қон қазақтарының ұрпақтары, 21-ғасырда қоныс аударған азаматтар, Қазақстанда туған өзге этнос өкілдері, бүгінде Еуропада білім алып, еңбек етіп жүрген отандастар жиналды.

"Біздің әкелеріміз "қанымыз, дініміз бұзылмасын" деп көшкен, қолымыздан келгенше, соны қолдап жүрміз. Балаларымыз қазақша үйренсін, тіл ұмытпасын, ана тілі қымбат, ағылшын да болмаған, түркі тілі де болмаған қазақ сөздер бар, басқа тілде жоқ, содан тіліміз өте қымбат, соны үйренейік, балаларымызға үйретейік деп жүрміз".Абдыселам Саваш, Ұлыбританиядағы қазақ қоғамының төрағасы

Құрылтай аясында жаңа бастамалар мен ынтымақтастық мүмкіндіктер де талқыланды. "Отандастар" қоры ұйымдастырған пікірталас барысында шетелдегі қазақтарды біріктіруге бағытталған жобалар таныстырылды. Маңызды ұсыныстардың бірі – Еуропадағы белсенді қазақ ұйымдарын бір ортақ альянсқа біріктіру. Ал қазақ тілін қолдау мақсатында қатысушыларға сөйлесу клубының онлайн сабақтарына қосылу ұсынылды.

Құрылтай демалыс күндерінің соңына дейін жалғасады. Бағдарламада Париждегі мерекелік концерт, Гарж-ле-Гонесс жерінде өтетін диаспора жастары арасындағы футбол турнирі мен мәдени-танымдық шаралар жоспарланған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: