Кездесу барысында Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының қызметі қорытындыланды. Өткен жылы орталықта 211 балағв кардиохирургиялық ота жасалды, олардың басым бөлігі бір жасқа дейінгі сәбилерге тиесілі.
2024 жылдан бері 71 құрсақішілік ота жүргізілді. Жоспарлы араласулардың үлесі 30%-дан 90%-ға дейін артты, бұл гемотрансфузия көлемін едәуір қысқартуға және емдеудің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.
Орталық директоры Гүлнар Нұрланованың айтуынша, бұл – балалар кардиохирургиялық қызметі бар Қазақстандағы жалғыз перинаталдық ұйым. Құрылымында ұрықты қорғау орталығы, бір күндік клиника, неонаталдық хирургия және оңалту бөлімшелері жұмыс істейді. Феталдық медицина технологиялары енгізілген, жеке ана сүті банкі және Орталық Азиядағы алғашқы SMART PELVIC жамбас түбін диагностикалау және қалпына келтіру орталығы ашылған.
2025 жылы жеке ана сүті банкінің іске қосылуы маңызды жетістік болды. Соның нәтижесінде реанимациядағы шала туған нәрестелердің 95%-ы ана сүтімен қамтамасыз етілуде. Сол жылы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының 200-ден астам қызметкері Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Бельгия, Қытай, АҚШ және басқа да 13 елде біліктілігін арттырды.
Кеңес қорытындысы бойынша Марат Пашимов қаладағы өзге перзентханаларға осы тәжірибені негізге алуды және дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар перинаталдық қызмет пен балалар кардиохирургиясын одан әрі дамыту жөніндегі жол карталарын әзірлеу, халықаралық стандарттарды енгізуді кеңейту және пренаталдық скрининг пен пациенттерді маршрутизациялау жүйесін жетілдіру міндеті қойылды.
Бұл шараларды іске асыру Алматыда аналар мен балаларға көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.