Алматыда осымен екінші тәулік қар жауып тұр. Қала сүрең тартып, қара суық күшейіп алды: көше лай-суға толса, кей жерлерде көктайғақ пайда болды. Синоптиктердің болжамы бойынша, жауын-шашын алда да тоқтамайды: қалың қар жауып, арты жаңбырға ұласады деп күтіледі. Температура біртіндеп төмендеп, 28 ақпанда түнде сынап бағаны -9°C-ді көрсетеді.
"Қазгидромет" РМК-ның Алматы және Алматы облысы бойынша филиалының жетекші инженер-синоптигі Дәулет Кісебаев алдағы тәулікке арналған дауылды ескерту туралы ақпаратпен бөлісті.
"26 ақпанда түнде Алматы облысының солтүстігінде аздап қалың қар жауады, күндіз оңтүстікте, облыстың тау бөктерінде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады, ал облыстың таулы аймақтарында да қалың қар жауады деп болжанады. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, тау бөктерінде, таулы аймақтарында кейде тұман, көктайғақ болып, бұрқасын жүреді деп күтіледі. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, тау бөктерінде, таулы аймақтарында батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 24-29 м/с дейін жетеді", - дейді синоптик.
Алматыда:
26 ақпанда күндіз қатты жауын-шашын болып, қар, сырғақ жауады, тұман, көктайғақ болады. Батыстан соққан желдің екпіні 15 м/с құрайды.
Қонаевта:
26 ақпанда тұман, көктайғақ болады деп күтіледі. Батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 25 м/с дейін жетеді.
Бұған дейін Алматыға қалың қар жауып, қалаға бір тәулікте 17 см қар түскенін, көшелерге 2,7 мыңнан астам коммуналдық қызметкер шыққанын жазғанбыз.