Соттың анықтауынша, 2025 жылдың тамыз айында сотталушы К. Қостанай ауданындағы саяжай аумағында жәбірленуші С.-мен жанжал кезінде әйелдің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Оқиға салдарынан әйел денесінің шамамен 30-35%-ын термиялық күйік шалған. Сарапшылар бұл жарақаттарды өмірге қауіпті белгісі бойынша денсаулыққа келтірілген ауыр зиян ретінде бағалады.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды талап етті. Ал сотталушы кінәсін мойындап, жаза тағайындауда баптың ең төменгі шегіне жақын мерзім беруді өтінді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі баламасыз жаза көздейді.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының асырауында кәмелетке толмаған баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар, сот жәбірленушінің материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талаптарын қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.