Ол бұл үдерісті Қазақстанның жаңа тарихындағы тағдырлы сәт деп атады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді. Елдің Негізгі заңы саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік береді", – деді Бектенов.
Оның айтуынша, бұл аса маңызды құжат ұлтымыздың ұзақ мерзімді дамуын айқындап, бірлік пен әділдік, заң мен тәртіп қағидаттарының берік негізін қалайды.
Сонымен қатар, еліміздің саяси жүйесіне халықтың толыққанды қатысуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, адам капиталының, ғылым мен мәдениеттің, цифрлық ортаның сапалы дамуына, экологиялық қауіпсіздіктің сақталуына кепілдік береді.
"Құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, заң көмегін алу құқығына және дербес деректердің қорғалуына кепілдік беру негізгі заң деңгейінде бекітіліп отыр. Президент атап өткендей, жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, Егемендігіміз бен Тәуелсіздігіміздің тұғыры болады. Қазақстандықтар Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін паш етті. Бүгінде жаһан жұртының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көшбасшылығына және қабылданған Конституциямыздың прогрессивті сипатына куә болғанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанның жоғары беделі мен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айқын білдіреді",– деп атап өтті премьер-министр.
Ол Үкімет қойылған мақсаттарға қол жеткізуді, реформалардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз ететінін атап өтті.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет Парламентпен бірлесіп, тез арада бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді жаңа Конституцияға сәйкес келтіруге тиіс. Атап айтқанда, 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек. Сонымен қатар Конституцияны ілгерілету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту қажет. Бұл Ата заңды жаппай басып шығаруды, оны қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды, білім беру саласы үшін әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді қамтиды", – деп толықтырды Бектенов.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енетіндігін жазғанбыз.