Қызылордада "Береке бастауы – әз Наурыз" атты мәдени-көпшілік шара өтті

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін сол жағалаудағы "Қайсар-арена" стадионы аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен "Береке бастауы – әз Наурыз" атты мәдени-көпшілік шара өтті.

Көктің тынысын тыңдаған, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған ата-бабаларымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп есептеген. Уақытпен бірге жаңарған Қызылорда қаласының сән-салтанаты Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бұрынғыдан да арта түскендей. Қала көшелері Наурыз мерекесінің айшықты көріністерімен, ұлттық нақыштармен безендірілген.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Кейінгі күндері ызғардың да беті қайтып, күн шуағын молынан төкті. Көктемнің жаңаруымен үндескен қала келбеті ерекше құлпырып, мерекелік көңіл-күйді сезіндірді. Жаңа стадион алаңына 60-қа жуық киіз үй тігіліп, береке мен бірліктің нышанындай ақ дастархан жайылды.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Аймақ басшысы жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, Сыр өңірінің даму жолындағы жаңашылдықтар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайда: "Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр" деп, аймағымыздың барлық саладағы қарқынын ерекше атап өтті, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшымыз Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталғанын, 400, 500 орындық емханалар, 200 орындық перзентхана мен жаңа драма театр, заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады. Республикалық, халықарлық маңызы бар жаңа автомобиль жолдарының құрылысы туралы айтты.

Жақында ғана "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңін бастадық. "Бейнеу – Сексеуіл" жолының құрылысы да биыл қолға алынады.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстармен, жаңалықтармен келсін!

Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың болашағы баянды болсын! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, құт дарысын", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Наурыз мерекесіне орай тігілген киіз үйлер алдында көрмелер мен салт-дәстүр қойылымдары қойылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай 35 баланың тұсауын, айдарын кесу рәсімдері өткізіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.

Мереке отандық эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.

Қызылорда
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаевқа республикалық референдум нәтижесіне орай құттықтау жеделхаттары түсті

Алматыда бірқатар шағын аудандар мен көшелердің атауы өзгерді 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

17 наурызда елдің қай өңірлерінде ауа райына байланысты ескерту жасалды

Павлодарда зейнеткерді тонамақ болған күдікті ұсталды