Полиция мәліметінше, 29 жастағы жүргізуші Жұмабаев көшесінде дрифт жасап, жол жабынына зақым келтіріп қана қоймай, басқа жол қозғалысы қатысушыларының өміріне қауіп төндірген.
Сондай-ақ түнгі уақытта әдейі шу шығарып, жақын маңдағы тұрғындардың тыныштығын бұзған. Тұрғындар түн ішінде көлік шуынан мазасыздыққа тап болған.
Құқық қорғау органдары жүргізушіге қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырды.
"Жүргізушіге қауіпті маневр жасау, жолда көлік құралын дұрыс орналастырмау және көлікті пайдалану ережелерін бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Сонымен қатар ол тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды", – делінген полиция хабарламасында.
Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, әкімшілік айыппұл салынды, ал оның көлігі коммуналдық айып тұрағына қойылды.
Астана полициясы қала жолдарын жарыс алаңына айналдыру әрекеттері дереу тоқтатылатынын және экстремалды жүргізуді ұнататындардың барлығы міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертті.