Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаевтың мәліметінше, 1 ақпаннан бері жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында киберқылмысқа қарсы күресте нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Интернет-алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталып, бір ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды, сондай-ақ 2 хакердің заңсыз әрекеті тоқтатылды.
Бұдан бөлек, SIM-карталарды заңсыз белсендірумен айналысқан 5 адам ұсталып, олардан 3000-нан астам SIM-карта мен 18 ұялы телефон тәркіленді. Киберқылмыс жасағаны үшін 37 тұлға жауапкершілікке тартылып, тағы 27 азамат профилактикалық есепке алынды.
"Антифрод" жүйесі арқылы 15,5 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталып, 18 мыңнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді, сондай-ақ қылмыстық мақсатта пайдаланылған 337 интернет-ресурс та бұғатталды.
Аталған жұмыс жүйелі әрі кешенді түрде "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жүргізілуде және ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қаржылық шығындардың алдын алуға бағытталған.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қырағылық танытуға шақырады: күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеңіз, белгісіз сілтемелерге өтпеңіз және ешбір жағдайда банк карталарының деректері мен растау кодтарын бөгде адамдарға бермеңіз. Банк қызметкерлері мен мемлекеттік органдар ешқашан ақша аударуды талап етпейді. Интернет-алаяқтардан сақ болыңыз!