Президенттің айтуынша, соңғы жылдары бұл бағыттағы жобалардың саны артып, оң үрдіс қалыптасқан. Сондай-ақ университеттердің технологиялық даму орталығы ретінде қалыптасуы маңызды жетістік екенін айтты.
Мемлекет басшысы мысал ретінде былтыр University Medical Center-ге қарасты Жүрек орталығының дәрігерлері әзірлеген ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) атты инновациялық медициналық құрылғыны атап өтті.
"Бұл – өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы деуге болады. Құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай бірегей жобалар Қазақстан ғылымының әлеуеті жоғары екенін және елдің даму деңгейін көрсететінін айтты.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы ғылым саласында әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін жеткізді. Ол наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен ғалымдармен кездесуді еске салды.
"Әсіресе, ғылымды қаржыландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс", – деді Президент.