Мемлекет басшысы Қазақстанда қоғамның барлық саласын қамтитын ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, наурыз айында қабылданған жаңа Конституция ел болашағы үшін маңызды әрі тарихи қадам болды.
Президент азаматтардың, әсіресе жастардың референдумға белсенді қатысып, Ата заңды қолдағанын атап өтіп, бұл қоғамдағы жауапкершілік пен отаншылдықтың айқын көрінісі екенін айтты.
"Жаңа Конституцияда халқымыздың бірегей болмысы, басты құндылықтары мен биік мақсаттары көрініс тапты. Бүгінгі жиынға жиналған білімді, зияткер жастарды мен Қазақстанның жарқын болашағы деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент жастардың ел дамуына серпін беріп, ұлттық беделді арттыруда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
Ол жаңа Конституцияны Әділетті Қазақстанның берік негізі ретінде атап, заң мен тәртіп қағидаты қоғам өмірінің басты тірегіне айналғанын айтты. Сонымен қатар "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы азаматтардың туған жер мен табиғатқа деген жауапкершілігін арттырғанын жеткізді.
Президенттің сөзінше, бүгінде қоғамдық іске белсенді қатысатын, еріктілік қызметті парыз санайтын азаматтар саны артып келеді. Барлық осы құндылықтар Конституцияның мазмұнында көрініс тапқан.
Мемлекет басшысы адам капиталы елдің басты байлығы екенін атап өтіп, ғылым, білім және инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты.