Осындай сәттерде қарапайым адами жанашырлық өзара түсіністікке бастайтын маңызды көпірге айналады. Осындай жағдай Алматы – Өскемен автожолында патрульдеу кезінде болды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол бойында келе жатқан велосаяхатшыларды байқап, олардың жағдайын білу үшін тоқтаған.
Тәртіп сақшылары жолаушылардың хал-жағдайын сұрап, қажет болса көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Анықталғандай, олар Қытайдан келген ерлі-зайыптылар болып шықты. Саяхатшылар Азия елдерін аралап, туған жерлеріне қайтып бара жатқан. Ұзақ жол жүрсе де, олардың жүзінен әлемге деген қызығушылық пен адамдарға деген ашықтық айқын байқалды.
Полиция қызметкерлері оларға су ұсынып, сапарлары жайлы әңгімелесті. Өз кезегінде шетелдік қонақтар көрсетілген ілтипат пен қамқорлық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның табиғаты мен халқының кеңпейілдігін ерекше атап өтті.
"Біздің қызметімізде тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, адами қасиетті сақтай білу де маңызды. Кейде қарапайым жанашырлықтың өзі үлкен мәнге ие" – деді тәртіп сақшылары.
Бұл жол бойындағы шағын ғана оқиға қоғамда өзара қолдау мен түсіністіктің маңызы зор екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Осындай сәттер полиция қызметінің шынайы мәнін айқындай түседі.