Қасым-Жомарт Тоқаев: экономиканы цифрландыру тиімді болуы үшін нақты өлшемді көрсеткіштер қажет

Сурет: akorda.kz
Алматы қаласында өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру тиімділігін арттыру үшін нақты өлшемді көрсеткіштер жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.

Президенттің айтуынша, есеп пен бағалау жүйесі болмаса, мемлекеттік жобаларды басқару қиынға соғады. Сондықтан Үкіметке ведомстволар деңгейінде базалық есеп жүргізетін жүйені кешіктірмей енгізу тапсырылды.

"Есепсіз немесе көзге көрінбейтін дүниені басқару қиын. Сондықтан Үкімет көп созбай, ведомстволар деңгейіндегі жағдайға базалық есеп жүргізетін жүйені қолданысқа енгізгені жөн. Бұған салғырт қарауға болмайды, жұмысты кешіктірмеу керек. Цифрландыру мен мемлекеттік жобалардың пайдасын жан-жақты зерделеу қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Ол сондай-ақ Digital Qazaqstan стратегиясы аясында іріктелген пилоттық жобалардың экономикаға нақты әсерін анықтау маңызды екенін айтты.

"Жалпы, қай салада болсын, түпкі нәтижеге жету үшін әркім жеке жауапкершіліктен қашпауы қажет. Бізде басқа таңдау жоқ: не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз. Басқаша айтқанда, "не боламыз, не бордай тозамыз"", – деді Президент.

Мемлекет басшысы зияткерлік капиталды күшейту мен еңбек өнімділігін арттырмайынша, демографиялық өсімнің өзі елдің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете алмайтынын атап өтті.

Сондай-ақ ол алдағы жоспарларға тоқталып, биыл Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті ашылатынын еске салды.

Президенттің айтуынша, шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік арқылы іргелі және қолданбалы ғылымды дамыту қолға алынған. Бірқатар жобалар дайындалып, оларды жедел іске асыру қажет.

"Үкімет қысқа мерзім ішінде ғылымнан нарыққа дейінгі барлық кезеңді қамтитын тізбек жасауы керек. Қолданбалы әзірлемелерді тез коммерцияландыру, салықтық ынталандыру және бірлесіп қаржыландыру тетіктері бар толыққанды венчурлық экожүйе қалыптастыру міндеті тұр. Мұндай жүйе болмаса, ғылыми әлеует тек академиялық деңгейде қалып қояды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматы
Қазақстан
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі