Президенттің пікірінше, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, "Заң және тәртіп" идеологиясын орнықтыру жауапты әрі жасампаз патриотизммен тығыз ұштасатын аса маңызды міндет.
"Біз құқықтық нигилизмге жол бермейтін, аңыздағы немесе қолдан жасалған "батырларды" емес, бұрынғы және бүгінгі нағыз қаһармандарды құрмет тұтатын үйлесімді қоғам құруымыз қажет. Туған елі мен халқының игілігі жолында адал қызмет еткен, ар мен намысты бәрінен биік қойған азаматтар жастарға үлгі болуға тиіс". Қасым-Жомарт Тоқаев
Тоқаев олардың қатарында қаза тапқаннан кейін ерліктері мен батырлықтары еленіп, орден-медальмен марапатталған әскерилер, полицейлер, құтқарушылар, арнаулы орган қызметкерлері де аз емес екенін атап өтті.
"Менің бастамаммен олардың есімдері көшелер мен түрлі мекемелерге беріліп жатыр. Мұндай тәсілді ведомстволық наградаға қатысты да пайдалануға болады. Осындай алғашқы марапаттың бірі – он бес жыл бұрын жанынан безген терроршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы медаль. Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, отандастарымыздың жарқын бейнесін жүрегімізде сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2011 жылғы 12 қарашада Ғазиз Байтасов Тараз қаласында террорист Мақсат Кариевті ұстау операциясына қатысты. Кариев қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, автокөлікті айдап әкетіп, құқық қорғау органдарының бірнеше қызметкерін өлтірген. Қудалау барысында Байтасов Қазыбек би көшесінде террористке жетіп, оны жерге құлатқан. Алайда араға біраз уақыт салып, Кариев қолындағы гранатаны жарып, өзін де, Байтасовты да қазаға ұшыратты. Сол жылдың 5 желтоқсанында Ғазиз Байтасовқа қайтыс болғаннан кейін "Қазақстанның Халық Қаһарманы" атағы берілді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев майдангерлердің ерлігіне ерекше тоқталғанын жазғанбыз.