Азат Сұлтановтың сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұн мен күріш тапшылығы болады деп болжам жасап отырған жоқ. Сондықтан бұл өнімдердің бағасы қымбаттайды деген қауіп те жоқ.
"Қазақстанда жыл сайын 20 миллион тоннадан астам бидай өсіріледі. Оның 7 миллион тоннасы ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұл көлем ұн, нан және макарон өнімдеріне толық жетеді. Тағы 2 миллион тоннасы тұқым қорына қалдырылады, ал қалған бөлігі экспортқа шығарылады. Яғни ішкі нарық толық қамтамасыз етілген және алдағы уақытта да солай болады. Ұн мен нан бағасының өсуіне негіз жоқ", – деді вице-министр.
Сондай-ақ оның айтуынша, елімізде күріш тапшылығының да қаупі жоқ.
"Қызылорда облысының жаңа әкімі Үкімет отырысында биыл күріш егілетін алқап көлемі 70 мың гектар болатынын баяндады. Тіпті осы алқаптан ең төмен өнім алынған күннің өзінде, бұл ішкі сұранысты толық жабуға жеткілікті болады. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ", – деп атап өтті Азат Сұлтанов.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінде майлы және мал азықтық дақылдарға басымдық берілуде екенін жазғанбыз.