Спикердің айтуынша, "Семь бочек" тұрғын үй кешені маңында екі деңгейлі LRT станциясын салу көзделген.
Оның сөзінше, бұл станция ауысып мінетін бекет болады және жолаушыларға бағыттарды желілер қиылыспай-ақ ауыстыруға мүмкіндік береді.
"Мысалы, ескі вокзалдан Қосшыға бара жатсаңыз, осы станцияда басқа пойызға ауысуыңыз қажет болады. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Біз барлық бағытты бір желіге біріктіре алмаймыз, өйткені желілер бір-біріне кедергі келтіреді. Қазір нақты қандай маршруттық желі болатынын айта алмаймын. Әзірге бізде тек бір ғана бағыт қарастырылған – әуежайдан жаңа вокзалға дейін. Болашақта шетелдегідей желілер қиылысқан кезде бөлек тармақтар мен маршрут нөмірлері пайда болады. Олар бір-біріне кедергі келтірмеуі үшін бір желі төменгі деңгейде, екіншісі жоғарғы деңгейде орналасады. Бұл жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жасалады", – деді Дүйсебаев.