Елімізде "Қазақстан Халық Кеңесі" туралы Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
2026 жылғы 15 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев "Қазақстан Халық Кеңесі туралы" Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұл заң жобасы халықтың мүддесін білдіретін және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысуын күшейтетін жаңа конституциялық институтты заң жүзінде бекітуді көздейді.

"Заң жобасы бойынша Қазақстан Халық Кеңесі – ең жоғарғы конституциялық консультативтік орган ретінде анықталады. Оның мақсаттары, міндеттері, жұмыс істеу қағидаттары, өкілеттіктері, құрылымы және қалыптасу тәртібі нақты белгіленеді. Бұл бастаманың негізгі идеясы – мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты ұлттық диалогты жүйелі түрде қалыптастыру екенін атап өтті. Қазақстан Халық Кеңесі "еститін мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыратын негізгі құралдардың бірі болмақ",- деді ол.

Сонымен қатар, жаңа орган мемлекеттік органдардың жұмысын алмастырмайды және олардың функцияларын қайталамайды. Ол тек ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен пікірлер әзірлейтін алаң ретінде жұмыс істейді.

"Заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің нақты ұйымдық құрылымы да қарастырылған. Ең жоғарғы органы – Сессия. Ол негізгі шешімдерді қабылдайды, соның ішінде заң жобаларын ұсыну және референдум өткізу бастамаларын көтеру мәселелері бар. Сессиялар аралығында тұрақты жұмыс істейтін орган – Төралқа болады. Ол күнделікті жұмысты атқарып, шешімдер дайындаумен айналысады. Бұдан бөлек, жеке бағыттар бойынша тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылады. Ұйымдық және талдамалық жұмысты Қазақстан Халық Кеңесінің Секретариаты қамтамасыз етеді. Ол мемлекеттік орган ретінде құрылады". Ерлан Сәрсембаев

Кеңестің құрамын қалыптастыруға да ерекше назар аударылған.

"Оған этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес сектор өкілдері, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кіреді. Әр топтың ұсынысы негізінде құрам теңгерімді түрде жасақталады. Жалпы мүшелер саны 42 адам болмақ. Мүшелерге қойылатын талаптар да белгіленеді: қоғамдық қызмет тәжірибесінің болуы және мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған шектеулер енгізіледі. Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Төраға да Сессияда 4 жыл мерзімге сайланады. Оны Президент ұсынуы мүмкін немесе мүшелердің кемінде үштен бірі бастама көтере алады. Бір адам екі реттен артық төраға бола алмайды". Ерлан Сәрсембаев

Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі міндеттеріне ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлеу, заң шығару процесіне қатысу (заң шығару бастамасын ұсыну құқығы арқылы), референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу, қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру және қоғамдық бақылауға қатысу кіреді.


"Дегенмен, барлық өкілеттіктер тек кеңес беру және ұсыныс беру сипатында болады. Яғни ол мемлекеттік билік жүйесін алмастырмайды. Сонымен қатар, Кеңеске Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру функциясы беріледі. Бұл съезд Астанада өтетін маңызды халықаралық диалог алаңы ретінде қарастырылады. Кеңес мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара жұмыс істейді. Оның ұсыныстарын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар міндетті түрде қарауы тиіс",- деді ол.

Заң жобасы сондай-ақ төраға орынбасарларын тағайындау, олардың ротациясы және мүшелердің өкілеттігін тоқтату тәртібін реттейді.

Бұл заң қабылданған жағдайда "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" заң күшін жоятын болады.

Депутаттар дауыс беру нәтижесінде "Қазақстан Халық Кеңесі туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі