Құжаттар алмасу рәсімі барысында Қазақстан мен Ресей Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ құрылысты қаржыландыру үшін мемлекеттік экспорттық несие беру жөніндегі келісімге қол қойды.
Кейін журналистер Алмасадам Сәтқалиевтен бұл қандай несие екенін сұрады.
Ол сөз болып отырғаны – Ресейдің Қазақстан Үкіметіне беретін мемлекетаралық экспорттық несиесі екенін атап өтті. Несие көлемі мен шарттарына қатысты сұраққа жауап берген агенттік төрағасы оның кейбір параметрлері әзірге екі елдің Қаржы министрліктері арасында келісіліп жатқанын айтты.
"Бұл ұзақ мерзімді несие болады. Шарттары Қазақстан үшін өте тиімді. Бұл мәселе Қазақстанның Қаржы министрлігінің құзыретіне кіреді", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Сондай-ақ журналистер Қазақстанның экспорттық несие тартпай-ақ АЭС салуға қаржылық мүмкіндігі бар-жоғын сұрады.
"Әңгіме өте ауқымды қаржыландыру туралы болып отыр. Алдын ала есеп бойынша, инфрақұрылыммен бірге екі энергоблоктың құрылысына шамамен 16,5 млрд доллар қажет. Бұдан бөлек, физикалық қауіпсіздік жүйесі мен әлеуметтік инфрақұрылымға шамамен 2 млрд доллар жұмсалады. Бұл – өте үлкен қаржы көлемі. Сондықтан Қазақстан Үкіметі мен Атом энергиясы агенттігінің келісімі бойынша жоба экспорттық несие есебінен қаржыландырылады", – деді ол.
БАҚ өкілдері құрылыс жұмыстарының қашан басталатынын да нақтылады.
"Біз қазірдің өзінде жұмыстарды бастап кеттік. Инженерлік зерттеулер жүргізілуде. Жоспар бойынша, 2027 жыл құрылыс алаңындағы негізгі жұмыстарды бастау мерзімі ретінде белгіленген. Орта есеппен мұндай жоба 10 жылға дейін салынады. Алайда әріптестерімізбен жасалған келісімге сәйкес, алғашқы бетон құйылғаннан кейін жеті жыл ішінде, яғни 2034 жылы бірінші энергоблокты іске қосуды күтіп отырмыз", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізген болатын.