Құқық бұзушылықтардың алдын алу – депутаттар рақымшылықтың артықшылықтарын атады

Сурет: pexels
2026 жылғы 3 маусымда Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Нұрсұлтан Байтілесов "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық туралы" заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, рақымшылық – түрлі жағдайларға байланысты конституциялық құқықтары шектелген азаматтарға мемлекеттің ізгілік танытуының көрінісі.

"Амнистия – бұл мемлекет тарапынан өз азаматтарына жасалатын гуманизм актісі. Ол әртүрлі жағдайлардың салдарынан конституциялық құқықтары шектелген азаматтарға деген мемлекеттің кеңпейілдігін білдіреді. Оның мақсаты – құқық бұзушыны жазадан босату немесе жаза мерзімін қысқарту", – деді депутат.

Ол Қазақстанда соңғы жылдары бірнеше рет рақымшылық жүргізілгенін еске салды.

"2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланып, оның аясында 2 мыңнан астам адам бостандыққа шықты, ал 11 мыңнан астам адамның жаза мерзімі қысқартылды. Ал биыл қылмыстық рақымшылықпен қатар алғаш рет әкімшілік амнистия дайындалып жатыр. Ол айыппұлдар мен қоғамға қауіптілігі төмен құқықбұзушылықтарға қатысты болады", – деді Нұрсұлтан Байтілесов.

Депутат халықаралық тәжірибеде де әкімшілік рақымшылықтың реформалар, қоғамдық келісімді жаңарту және құқықтық саясатты ізгілендіру кезеңдерінде қолданылатынын айтты.

"Мысалы, Италияда әкімшілік жүктемені азайту және міндеттемелерді ерікті түрде орындауды ынталандыру мақсатында әкімшілік айыппұлдар мен қаржылық санкциялардан босату тетіктері қолданылған. АҚШ-тың кейбір штаттарында қарыздарды ерікті түрде реттеу кезінде әкімшілік санкциялар мен өсімпұлдардан уақытша босату бағдарламалары іске асырылды. Индонезияда әкімшілік-құқықтық амнистия тетіктері активтерді заңдастыруға, мемлекеттік институттарға сенімді арттыруға және құқықтық кеңістікті кеңейтуге бағытталған ауқымды реформалардың бір бөлігі ретінде пайдаланылды", – деді ол.

Оның пікірінше, халықаралық тәжірибе әкімшілік рақымшылықтың құқықтық ізгілендірудің тиімді құралы екенін, мемлекет пен қоғам арасындағы қайшылықтарды азайтуға және заң талаптарын ерікті түрде сақтауды күшейтуге ықпал ететінін көрсетеді.


"Қазақстан үшін жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша рақымшылық қолдану – осындай ауқымдағы алғашқы тәжірибе. Біздің әкімшілік амнистияға қатысты ұстанымымыз аталған елдерге қарағанда анағұрлым жұмсақ. Біз сот салған айыппұлдардан басқа, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірмейтін құқықбұзушылықтар бойынша барлық айыппұлдарды алып тастауды ұйғардық. Менің ойымша, әкімшілік рқымшылық – Қазақстандағы әкімшілік құқықбұзушылықтарды ізгілендіру жолындағы алғашқы қадам. Егер құқық қолдану тәжірибесі оң нәтиже көрсетсе, болашақта бұл мәселеге кеңірек қарауымыз мүмкін", – деп толықтырды депутат.

Сөз соңында ол қылмыстық және әкімшілік істер бойынша амнистияны қолдану азаматтардың өз қателіктерін түсінуіне, құқықтық сананың нығаюына және болашақта осындай құқықбұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Елордада пәтер ұрлығын жасаған күдікті ұсталды

"Шоттар бұғатталып, полиция араласады": ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады

Қазақстанда жемқорлар, педофилдер мен лаңкестер рақымшылыққа ілікпейді

Алматы әуежайында ұсталған бойжеткен 16 жылға сотталды

Ақтөбеде қоқыс маңынан табылған сәбиге Батыр есімі берілді