irbistv.kz мәліметінше, зейнеткер әлеуметтік қорғау органдарына жүгініп, зейнетақысын қайта есептеуді сұраған. Бұған дейін сот оның зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынбаған жылдардағы еңбек өтілін растаған. Осыдан кейін оның зейнетақысы қайта есептелгенімен, тек өтініш берген кезден бастап қана жүргізілген.
Зейнеткердің пікірінше, қайта есептеу зейнетақы тағайындалған күннен бастап жасалып, жетпей қалған барлық сома төленуге тиіс еді. Алайда мемлекеттік орган мұны орындаудан бас тартып, оның бір бөлігі Ресейде жұмыс істеген кезеңге тиесілі екенін, ал Ресей қазір ТМД елдерінің зейнетақы кепілдіктері жөніндегі келісімге қатыспайтынын алға тартқан. Осыдан кейін зейнеткер сотқа жүгінген.
Сот азаматтардың келісім қолданыста болған кезеңде алған құқықтары мемлекет одан шыққаннан кейін де сақталатынын анықтады. Сонымен қатар ер адамның еңбек өтілі еңбек кітапшасымен де, сот шешімімен де расталған.
"Нәтижесінде сот уәкілетті мемлекеттік органның кінәсін анықтап, талап қоюшы зейнетақы төлемдерінің тағайындалған сәтінен бастап толық соманы алмағанын көрсетті. Заңды күшіне енген шешіммен сот уәкілетті органды зейнетақыны қайта есептеп, тағайындалған күннен бастап айырмасын төлеуге міндеттеді", – деп хабарлады Павлодар облыстық №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.