Жоба бес жылдан бері табысты жүзеге асырылып келе жатқан "Талдау мектебі" бастамасының өңірлік жалғасы ретінде қолға алынды. Оның мақсаты – сараптамалық ойлау мәдениетін дамыту, сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру және Алматы қаласының өзекті мәселелеріне қатысты тиімді шешімдер әзірлеу.
Жобаға қызығушылықтың жоғары болғанын іріктеу нәтижелері көрсетті. Өтінім қабылдау кезеңінде 218 өтінім түсіп, олардың ішінен 65 қатысушы бағдарламаға қабылданды. Қатысушылар қатарында ғылыми қауымдастық, жоғары оқу орындары, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, халықаралық ұйымдар, сараптамалық орталықтар, ІТ индустриясы, бизнес және азаматтық сектор өкілдері болды.
Білім беру бағдарламасы Narxoz Business School базасында өтті. Алты апта бойы қатысушылар стратегиялық жоспарлау, деректерді талдау, мемлекеттік басқару, урбанистика, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, экология, туризм және креативті экономика бағыттары бойынша білімін жетілдірді.
Бағдарлама аясында аналитикалық құралдарды тәжірибеде қолдануға және Алматының тұрақты дамуына бағытталған шешімдерді әзірлеуге басымдық берілді.
Жобаның спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов, Freedom Telecom компаниясының бас директоры Қайрат Ахметов, "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов, халықаралық inDrive сервисінің негізін қалаушы Арсен Томский, сондай-ақ отандық және шетелдік жетекші сарапшылар болды.
Оқу барысында қатысушылар жеті бағыт бойынша жұмыс істеді: "Мегаполисті ақылды басқару", "Креативті экономика және мәдени стратегия", "Туризм және халықаралық ілгерілету", "Урбанистика және кеңістіктік даму", "Экология және тұрақты қалалық орта", "Цифрлық экономика және инновациялық экожүйелер", сондай-ақ "Тұрақты даму және әріптестік".
Бағдарлама қорытындысы бойынша командалар Алматыны дамытудың негізгі бағыттарына қатысты талдамалық жоба мен практикалық ұсыным әзірледі. Соңғы кезеңде қатысушылар "DATA-DRIVEN CITY іс жүзінде" тұжырымдамасы аясында деректі талдау мен заманауи қалалық басқару тәсілдеріне негізделген жоба қорғады.
Жобаның жабылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов сөз сөйледі. Жобаларды қорғаудан кейін түлектерге сертификат табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Талдау мектебі. Алматы" қаланың тұрақты дамуына бағытталған практикалық шешімдер әзірлей алатын, заманауи аналитикалық тәсілдерді қолданатын және деректер мен сараптамалық білімге негізделген Алматының ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыруға үлес қоса алатын жаңа буын мамандарын даярлайтын тиімді алаңға айналды.