Тоқаев: "Жас сарбаз" қозғалысы 280 мыңнан астам жасты біріктірді

Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда құрылған "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті.

Президенттің айтуынша, бүгінде ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студент бар. Әскери-патриоттық бірлестіктерден шыққан жастардың басым бөлігі болашақ өмірін әскери қызметпен, құқық қорғау органдарымен және ұлттық қауіпсіздік саласымен байланыстырады.

"Мен Мемлекет басшысы ретінде жастарымыздың осындай ұмтылысын толық қолдаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастардың арасында бүгінде елеулі жетістікке жетіп, өз қатарластарына үлгі болып жүрген азаматтар бар екенін айтты. Солардың бірі – Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын үздік тәмамдаған Арман Оңдасынов. Мемлекет басшысы Мемлекеттік рәміздер күні оған аға лейтенант шенін жеке өзі тапсырғанын еске салды.

Сондай-ақ Президент "Айбын" халықаралық әскери-патриоттық жиынына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген жастардың қатысуы мұндай бастамалардың халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын көрсететінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, "Айбын" жобасы осы жылдар ішінде мыңдаған жасқа патриоттық тәрбие беретін үлкен мектепке айналды.

"Жастар мұнда әділ бәсекеге түсіп, темірдей тәртіптің не екенін біледі. Қысылтаяңда бір-біріне қол ұшын созуға және командада жұмыс істеуге үйренеді. Жарыстар тек физикалық төзімділік пен күшті ғана сынап қоймайды, ақыл-ой ұшқырлығын, тапқырлық пен шығармашылық қабілетті де шыңдайды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы "Айбын" жиынының басты мақсаты – Қарулы күштер үшін кәсіби деңгейі жоғары, зияткерлік әлеуеті мықты мамандарды тәрбиелеу екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер достас елдердің жастары арасындағы өзара сенімді нығайтып, достық пен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Қазақстан
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қызылорда облысында екі ірі есірткі алқабы анықталды

Қазақстандағы орташа жалақы 460 мың теңгеден асты

Қазақстанның жаңа Конституциясының толық мәтіні жарияланды

Алматыда ер адам бірге ішімдік ішкен танысын пышақтап кетті

Мектептерде смартфон қолданудың жаңа тәртібі әзірленіп жатыр