Оның айтуынша, зауыттағы жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
"Жөндеу жұмыстары алдын ала жоспарланады. Соған сәйкес қажетті жанармай қоры да ертерек жинақталады. Қазіргі таңда қолда бар қор жеткілікті. Бензин қоры 30 күннен астам уақытқа жетеді. Дизель отыны бойынша да жағдай дәл осындай. Яғни елдегі негізгі мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша қор жеткілікті. Жөндеу жұмыстарына шығу жоспары алдын ала дайындалады. Бұл өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына байланысты. Сонымен қатар жөндеу жүргізіліп жатқан Атырау мұнай өңдеу зауытының өзінде де жинақталған қор бар және ол өңірді қажетті көлемде қамтамасыз етіп отыр", – деді Асхат Хасенов.
Сондай-ақ журналистер Атырау мұнай өңдеу зауытының Қазақстанды жанармаймен қамтамасыз етудегі үлесі қандай екенін сұрады.
"Өздеріңіз білесіздер, елімізде үш мұнай өңдеу зауыты бар. Атырау зауытының үлесі шамамен үштен бір бөлікті құрайды. Қазіргі уақытта ешқандай іркіліс жоқ. Жанармай тапшылығы байқалмайды. Қайта айтамын, үш зауыт та қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Өңдеу көлемдері де шамалас, сондықтан әрқайсысының үлесі шамамен үштен бір деңгейінде", – деп түсіндірді "ҚазМұнайГаз" басшысы.
Бұдан бөлек, БАҚ өкілдері Қазақстанның ішкі нарығындағы жанармайдың көрші елдерге кетіп қалу қаупі бар ма деген сұрақ қойды.
Асхат Хасенов бұл мәселе олардың ведомствосының тікелей құзыретіне жатпайтынын айтып, негізгі міндет мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және мұнай өнімдерін үздіксіз өндіру екенін жеткізді.
Бұған дейін танымал мұнай маркасының бағасы күрт түскенін жазғанбыз.