17 жастағы футболшының қоштасу сұхбаты 2 шілдеге қараған түні алматылық клубтың YouTube арнасында жарияланды. Онда Дастан Сәтбаев "Қайрат" жанкүйерлеріне алғыс айтып, өзіне көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.
"Бұл – академиядағы алғашқы күнінен бастап, "Челсиге" ауысқанға дейінгі жолдан өткен түлектің үлкен эксклюзивті сұхбаты. Мұнда оның алғашқы рет негізгі құрамға шақырылуы, Орталық стадиондағы дебюті, маңызды голдары, Чемпиондар лигасы, "Реалмен" ойын, рекордтары, Лондонға сапары және арманының орындалған сәті туралы айтылған", – деп жазды клубтың баспасөз қызметі бұл сұхбат туралы.
Сұхбат барысында Дастан Лондонда өткен бақылау матчында үш гол соққанын еске алды. Оның айтуынша, дәл осы ойыннан кейін "Челсидің" директорымен сенімді әңгіме өрбіген. Кейін, 2025 жылдың ақпан айында ағылшын клубы футболшының трансферін ресми түрде рәсімдеп, онымен келісімшартқа қол қойған.
Дастан Сәтбаев "Қайрат" сапындағы қоштасу матчын 2026 жылғы 17 маусымда өткізді. Ал маусым айының соңында ол толықтай "Челси" клубының қарамағына аттанды. Айта кетейік, 2 шілдеде "Қайрат" өз алаңында Көкшетаудың Оқжетпес командасын қабылдайды.