Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстанның түпкі мақсаты – тек ауыл шаруашылығын дамытып қоймай, елімізді агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдейтін өңірлік орталыққа айналдыру.
"Біз шикізат экспорттаумен шектеліп қалмай, ел ішінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға ұмтыламыз. Ол үшін, ең алдымен, тамақ өнеркәсібін дамытуға, озық технологияларды енгізуге және орнықты өндірістік-нарықтық тізбекті қалыптастыруға басымдық беру өзекті. Аталған салада өндірістік циклдің барлық кезеңіне инвестиция салуға мол мүмкіндік бар. Біз жасанды интеллект, роботтандыру технологияларын және Индустрия 4.0 шешімдерін тамақ өнеркәсібіне белсенді түрде енгізе бастадық. ЖИ негізінде сапаны бақылау жүйесі, құрал-жабдыққа болжамды қызмет көрсету технологиясы, автоматтандырылған өндірістік желі және жеткізу тізбегін интеллектуалды басқару өнеркәсіп тиімділігін айтарлықтай арттырады, жоғары өнім сапасы мен қатаң сақталатын халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз етеді", деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, интеллектуалды логистика жүйелеріне, автоматтандырылған қойма кешендеріне, мұздатқыш инфрақұрылымына және заманауи қаптама технологияларына инвестиция салу агроөнеркәсіп саласындағы бір-біріне толықтай кіріктірілген, яғни өндірістік-нарықтық цифрлық тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
"Халықаралық инвесторларды, жетекші азық-түлік өндірушілерді, технологиялық компанияларды және ЖИ шешімдерін әзірлеушілерді осы ауқымды трансформацияға атсалысуға шақырамыз, – деді Президент.
Бұған дейін Астанада сирек кездесетін металдар бойынша геологиялық деректер ұсынатын бірыңғай орталық құрылатындығын жазғанбыз.