Соңғы жылдары Ақтаудың бірнеше шағынауданында тұрғындар кейде бірнеше тәулікке дейін жарықсыз қалатын жағдайлар жиі кездесіп кетті. Мұның басты себебі – тұрғын үйлерді салған құрылыс компаниялары инженерлік желілерді дұрыс жобаламаған. Соның салдарынан электр кабельдері 5-7 метр тереңдікке көмілген. Ал, бұл өз кезегінде, апат болған жерді анықтауды қиындатқан. Өйткені арнайы зертханалық құрылғылар кабельдің ақауын тек үш метрге дейінгі тереңдікте ғана анықтай алады.
Сонымен қатар көптеген құрылыс компаниялары бұл электр желілерін қала әкімдігінің балансына уақытында өткізбеген. Кейбірінде қажетті құжаттар болмаған, ал енді біреулері бұл талаптарды мүлде орындамаған. Соның кесірінен барлық апаттарды жою, арнайы бригадаларды жұмылдыру және қажетті материалдарды пайдалану жұмыстары толықтай Ақтау қалалық электр желілері басқармасының (АУЭС) мойнына түскен.
Мамандардың айтуынша, тағы бір күрделі мәселе – Ақтаудың жоғары бөлігінде орналасқан жаңа шағынаудандар бұрыннан жұмыс істеп тұрған электр желілеріне қосылған. Бұл әсіресе жаз мезгілінде желілерге үлкен салмақ түсіреді.
Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров
Осы мәселені шешу үшін ХАБ-1 және ХАБ-2 деп аталатын екі төмендеткіш қосалқы станция салу туралы шешім қабылданған. Қазір бұл қосалқы станциялардан Ақтаудың 13 жаңа шағынауданына дейін электр желілері толық тартылған. Бұдан бөлек, желілердегі жүктемені азайту мақсатында 20 трансформаторлық қосалқы станция жаңғыртылып, пайдалануға берілді.
Ақтау қалалық электр желілері басқармасының өндірістік-техникалық қызметінің басшысы Болыс Парахатовтың айтуынша, негізі қосалқы станциялар 2026 жылдың тамыз айында іске қосылады.
"Қосалқы станциялардан жаңа шағынаудандарға дейін кабель желілері толық тартылып болды. Мысалы, жоба бойынша 18-шағынаудан электр қуатын ХАБ қосалқы станциясынан алуы тиіс. Бірақ қазір ол уақытша 17-шағынаудан арқылы электрмен қамтылып отыр. Жаңа қосалқы станциялар іске қосылған соң, 17-шағынаудандағы жүктеме азаяды. Соның нәтижесінде жаңа шағынаудандар жобада қарастырылған тұрақты схема бойынша электр қуатын алады. Бұл қаладағы электр желілеріне түсетін салмақты қайта бөліп, жаңа тұрғын аудандардың электрмен жабдықталуын әлдеқайда сенімді етеді", – деді Болыс Парахатов.
Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров
2025 жылы мердігер ұйымдар жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болатын 10 киловольттық алты негізгі кабель желісін ауыстырды. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жаңартылған аумақтардағы электр желілеріндегі апаттар 65 пайызға қысқарған. Мұны тұрғындардың өзі де байқап отыр.
2026 жылы электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы жұмыстарды Ақтау қалалық электр желілері басқармасы (АУЭС) өз күшімен жүргізіп жатыр. Осы мақсатқа кәсіпорын 54,4 шақырым кабель өнімін сатып алған. Қазіргі уақытта мамандар 3,1 шақырымнан астам электр кабелін жаңасына ауыстырды. Бұл жалпы жоспарланған жұмыстың шамамен 6 пайызын құрайды.
Болыс Парахатовтың айтуынша, жаңарту жұмыстары тек жаңа шағынаудандарда емес, қаланың барлық бөлігінде жүргізілуде.
"Біз қай жерлерде апат жиі болатынын тұрақты түрде талдап отырамыз. Егер белгілі бір кабель желісі қайта-қайта істен шыға берсе, оны толық ауыстыру туралы шешім қабылданады. Сондықтан қазіргі жұмыстар тек жаңа аудандарда емес, бүкіл қала бойынша жүргізіліп жатыр", – деді ол.
Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров
Мамандардың айтуынша, кабельдерді ауыстыру тұрғындарға ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Жұмыс барысында электр қуаты сөндірілмейді. Себебі резервтік қоректендіру схемалары пайдаланылады.
"Алдымен жаңа кабель төселеді. Кейін тұтынушылар резервтік желі арқылы жаңа кабельге қосылады. Сондықтан жұмыстар кезінде электр жарығы өшірілмейді", – деп түсіндірді Болыс Парахатов.
Қазіргі уақытта Ақтау қалалық электр желілерінің жалпы тозу деңгейі шамамен 76 пайызды құрайды. Жаңғырту бағдарламасы толық аяқталғаннан кейін бұл көрсеткішті 55-60 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Электр желілерін жаңарту жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес 2028 жылдың соңына дейін жалғасады.