Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта "Бұрындай – Ақсеңгір теміржол аралығында Алматы-3 вокзалын салу және жолаушылар мен жүк пойыздарына қызмет көрсету үшін станцияны дамыту" жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің "Мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама" республикалық мемлекеттік кәсіпорнында қаралып жатыр.
Әзірге жобаның нақты іске асырылу мерзімі де, қаржыландыру көлемі де жарияланған жоқ.
Әкімдік мәліметінше, жобаның нақты техникалық-экономикалық көрсеткіштері, оның ішінде жалпы құны, қаржыландыру көзі және іске асыру мерзімі техникалық-экономикалық негіздеме бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады.
Сонымен қатар әкімдік жаңа вокзалдың болашақтағы жолаушылар және жүк тасымалы көрсеткіштеріне қатысты болжамды мәліметтерді жариялады.
Болжам бойынша, вокзалдан жөнелтілетін жолаушылар саны:
- 2032 жылы – 753 мың адам;
- 2036 жылы – 953 мың адам;
- 2041 жылы – 1,328 млн адам;
- 2046 жылы – 1,466 млн адам.
Ал 2032–2046 жылдары №2 индустриялық аймаққа қызмет көрсету үшін "Алматы-3" станциясы арқылы жыл сайын 3,95 млн тоннаға дейін жүк тасымалданады деп болжанып отыр.
Алматы-3 вокзалы үшін 516 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынады
Әкімдіктің мәліметінше, жобаны іске асыру аясында Алматы қаласы аумағындағы 52 жер учаскесін және Алматы облысының Қарасай ауданындағы 464 жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою жоспарланған.
"Алматы-3" теміржол вокзалының құрылысы қазіргі Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары арасындағы жолаушылар ағынын қайта бөлуге, сондай-ақ №2 индустриялық аймақтың жүк тасымалын қамтамасыз етуге бағытталған.
Әкімдіктің мәліметінше, жаңа вокзал Қазақстанның көршілес елдермен көлік байланысын кеңейтіп, өңіраралық қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мен "Жолаушылар тасымалы" АҚ жүргізген талдау нәтижесіне сәйкес, вокзал пайдалануға берілгеннен кейін қазіргі таңда Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарына тиесілі жолаушылар ағынының шамамен 27 пайызы "Алматы-3" вокзалына қайта бөлінеді.
Сонымен қатар халық санының жыл сайын шамамен 2 пайызға өсетіні ескеріліп, жолаушылар тасымалы көлемі де біртіндеп артады деп болжанып отыр.
Әзірленген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, "Алматы-3" вокзалы теміржол инфрақұрылымына қойылатын қолданыстағы талаптарға сай келетін заманауи инженерлік, технологиялық және инфрақұрылымдық шешімдерді қолдана отырып салынады.
Нысанның түпкілікті техникалық сипаттамалары жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін нақтыланады.
Еске салсақ, Алматыда үшінші теміржол вокзалын салу туралы бастама 2021 жылы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ тарапынан көтерілген болатын. Ол кезде жаңа станцияның жүк ағынын азайтып қана қоймай, Алатау және Наурызбай аудандарының тұрғындарына қалаға Алматы-2 вокзалы арқылы кірмей-ақ қатынауға мүмкіндік беретіні айтылған.
Ал 2022 жылы жобаны іске асыру туралы шешім түпкілікті қабылданды. Кейінірек, 2024 жылы, вокзалды 2026–2027 жылдары пайдалануға беру жоспарланғаны хабарланған еді.