Әзербайжан президенті Тоқаевтың екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы рөлін атап өтті

Сурет: akorda.kz
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевпен қалыптасқан жеке қарым-қатынастың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Бұл туралы ол 2026 жылғы 13 шілдеде өткен IV Шуша жаһандық медиа форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ильхам Әлиев Қазақстанға Қарабақты қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін алғыс айтып, екі ел басшыларының тығыз өзара іс-қимылы көлік, энергетика және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал етіп отырғанын айтты.

"Президент Тоқаевпен арадағы жеке қарым-қатынасымыз екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік серіктестіктің маңызды факторы саналады. Күн тәртібіндегі мәселелер өте ауқымды. Біз Каспий теңізінің екі жағалауында орналасқан мемлекеттер ретінде тығыз жұмыс істеп келеміз. Шын мәнінде, Қазақстан мен Әзербайжанның белсенді ынтымақтастығынсыз Каспий өңіріндегі ешбір көлік жобасын жүзеге асыру мүмкін емес", – деді Ильхам Әлиев.

Әзербайжан басшысы Орта дәлізді дамытуға, екі елдің порттық инфрақұрылымын үйлестіре жаңғыртуға, сондай-ақ бюрократиялық кедергілерді азайту мақсатында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия қатысатын төртжақты ынтымақтастық форматына кеңінен тоқталды.

"Инфрақұрылымды құру және кеңейту жұмыстарының қатар жүргізіліп жатқаны қуантады. Әзербайжан туралы айтып өттім, сондай-ақ Қазақстанда да порттық инфрақұрылымды кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын білемін. Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасындағы бірлескен ынтымақтастық форматы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Оның аясында тарифтік саясат, цифрландыру, кедендік рәсімдерді жеңілдету және өзге де маңызды мәселелер талқыланып, шешімін тауып жатыр", – деді ол.

Өз сөзінде Ильхам Әлиев энергетикалық және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударып, Каспий теңізінің түбімен жүзеге асырылып жатқан жоғары технологиялық жобаларды еске салды.

"2024 жылы Бакуде Қазақстан және Өзбекстан президенттерімен бірге Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тарту туралы келісімге қол қойдық. Қазір оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Қазақстанмен екіжақты негізде Қазақстан мен Әзербайжанды байланыстыратын оптикалық-талшықты кабель салу жобасын іске асырып жатырмыз. Бұл жоба кең аумақты байланыстырып, цифрландыру, жасанды интеллект, деректер базасын дамыту бағытында маңызды рөл атқарады", – деді Әзербайжан президенті.

Сөз соңында Ильхам Әлиев мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан мұнайының белгілі бір көлемі Әзербайжан аумағы арқылы тасымалданып жатқанын айтты.

"Қазақстан мұнайы белгілі бір көлемде Әзербайжан аумағы арқылы тасымалдана бастады. Сондықтан бұл өңірде екі ел өте тығыз ынтымақтастық орнатқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанның қарқынды дамып жатқанына қуаныштымыз. Жақында тарихи Түркістан қаласына барып қайттым. Ондағы тарихи мұраның ұқыпты сақталуы мен ұлы бабалардың рухына көрсетілген құрмет ерекше әсер қалдырды. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына қуаныштымын және бауырлас қазақ халқына жаңа табыстар тілеймін", – деді Ильхам Әлиев.
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Туды қай кезде қолдануға болады және қандай жағдайда тыйым салынады – министрлік түсіндірді

Алматыда жаңа аялдама пайдалануға берілді

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді: өзгерістер хронологиясы

"Құрметті азамат" атағы кімдерге және қалай беріледі

Қазақстанда алғаш рет "Құрметті донор" төсбелгісі тағайындалды