Бұл туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде тарады. Кейін жағдайға қатысты түсініктемені қазақстандық лоукостердің баспасөз қызметі берді.
"Ақтау – Шымкент бағыты бойынша ұшқан FlyArystan-ның FS7580 рейсі Алматы әуежайына қонды. Ал Алматы – Шымкент бағытындағы FS7105 рейсі Шымкент әуежайының ұшу-қону жолағы уақытша жабылғандықтан Алматыға кері қайтарылды. Шымкент әуежайының ұшу-қону жолағы қайта ашылғаннан кейін FS7580 рейсі жергілікті уақыт бойынша сағат 01:21-де межелі бағытына ұшты. FS7105 рейсі де Алматыдан Шымкентке жергілікті уақытпен сағат 02:56-да қайта аттанды", – деп хабарлады FlyArystan компаниясының баспасөз қызметі 23 шілдеде.
Компанияның мәліметінше, Шымкент әуежайындағы ұшу-қону жолағының уақытша жабылуына байланысты Шымкент – Ақтау бағытындағы FS7579 және Шымкент – Алматы бағытындағы FS7106 кері рейстері де кешіктірілді.
"Рейстердің бағыты мен ұшу уақытына енгізілген өзгерістер әуе компаниясына тәуелсіз жағдайларға байланысты қабылданды. FlyArystan үшін басты басымдық – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету", – деп атап өтті компанияның баспасөз қызметі.
Еске салайық, 2026 жылғы 20 шілдеде қазақстандық лоукостер Алматы – Чунцин – Алматы бағыты бойынша жаңа халықаралық рейс ашылатынын жариялаған болатын. Алғашқы рейс 2026 жылғы 23 қыркүйекте орындалады. Әуе рейстері аптасына екі рет: сәрсенбі және сенбі күндері Алматыдан, ал бейсенбі және жексенбі күндері Чунциннен Алматыға қатынайды.