Оның айтуынша, "Сайлау туралы" Конституциялық заңның 28-бабына сәйкес, қоғамдық пікірге қатысты әлеуметтік сауалнамаларды тек Орталық сайлау комиссиясында тіркелген заңды тұлғалар ғана жүргізе алады.
"Әлеуметтік сауалнамаларды өткізуге қойылатын нақты талаптар бар. Ең алдымен, біз компанияның қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу саласында кемінде бес жылдық тәжірибесі бар-жоғын қараймыз. Сонымен қатар ұйым сауалнаманы жүргізуге қатысатын мамандар туралы мәліметтерді, олардың осы саладағы тәжірибесін, сауалнама өткізілетін өңірлерді және қолданылатын талдау әдістерін ұсынуы тиіс. Сауалнама нәтижелерін жариялайтын бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар сауалнаманы жүргізген заңды тұлғаның атауын, оған тапсырыс беріп, қаржыландырған тұлғаларды, сауалнама өткізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, қойылған сұрақтың нақты тұжырымын, сауалнамаға қатысқан адамдардың санын және нәтижелердің ықтимал қателік коэффициентін міндетті түрде көрсетуі қажет. Мұның барлығы "Сайлау туралы" Конституциялық заңның 28-бабында белгіленген талаптар", – деді Ләззат Сүйіндік.
Оның сөзінше, сайлауға немесе кандидаттар мен саяси партияларға дауыс беруге қатысты әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелерін, болжамдарды және өзге де зерттеу қорытындыларын дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде, сондай-ақ сайлау өтетін күні жариялауға қатаң тыйым салынады.
Бұған дейін азаматтардың 70,3%-ы Құрылтай сайлауында дауыс беруге ниетті екенін жазғанбыз.